Ою-өрнектер әлемі: Е.Оспанұлының жаңа кітаптары оқырманға жол тартты

Халықаралық Түркі академиясы елордада белгілі этнограф, суретші Ералы Оспанұлының шығармашылығына арналған «Ою-өрнектер әлемі» атты алқалы жиын өткізді.

Қазақ мәдениетінің бай мұрасын насихаттайтын тағылымды шарада Ералы Оспанұлының «Қазақ ою-өрнегінің Атласы» және «Қошетер» қазақ халқының қолөнері» атты кітаптарының тұсаукесері өтті. Бұл еңбектерде автор ұлттық өнеріміздің қалыптасу, өркендеу кезеңдерін, ежелгі түркі, қыпшақ қолөнерін негізге ала отырып тамырлас халықтар мәдениетіндегі сабақтастық туралы баяндайды. Әсіресе, автор көшпенді тіршіліктің болмысын, рухани мәдениетін, дүниетанымын дәріптейтін ұлттық бұйымдарға басымдық берген.