Джон Толкиннің «Сақиналар әміршісі» қазақ тілінде жарық көрді

Ағылшын жазушысы Джон Р.Р. Толкинің ең танымал роман-эпопеясы «Сақиналар әміршісі» қазақ тілінде оқырманына жол тартты.

«Фолиант» баспасының аталған кітапты қазақ тіліне аударуға авторлық құқыққа ие. Еуразиялық халықаралық кітап жәрмеңкесінде «Сақиналар әміршісі» трилогиясының қазақ тіліндегі бірінші бөлімі қалың оқырманның назарына ұсынылды. Алғаш рет түпнұсқадан қазақ тіліне аударылған трилогияның екінші және үшінші бөлімдерін 2022 жылдың соңына дейін басып шығару жоспарланған.

​​«Сақиналар әміршісі» роман-эпопеясын автор 1937 жылы бастап, 1948 жылы аяқтаған. Содан бері кітап 38 тілге аударылған.

«Фэнтезидің атасы» атанған Джон Толкин таңғажайып Жерорта әлемін құрды. Ол тек жазушы ғана емес, әдебиет ғылымының докторы, суретші, профессор, филолог-лингвист болған. Міне, осындай білімділігінің, әмбебаптығының арқасында ол өз шығармаларында жасанды эльфтер, гномдар және орктер, т.б. арнайы тіл ойлап тапқан.

​Солардың ішінде ең танымалы –  эльфтер тілі. Тіпті Оксфордта эльфтар  тілін оқытатын арнайы курстар да бар. Ол – ол ма, туризм саласындағы феномен – Толкин-туризм де бар: «Сақиналар әміршісінің» жанкүйерлері шығарма оқиғалары өтетін жерлерге саяхаттайды. Жазушы батырлық эпопеяны, ертегі мен шытырман оқиғалы романды біріктіріп, тамаша көркем туынды жасап шыққан.

​Романның астарлы сыры мен мазмұнына терең бойлай отырып, ағылшын тілінен аударған Алтынжан Иралиева.