Л.Кәденова: Халық әртісі – құрметті атақ

Театр және кино әртісі Лидия Кәденованың өнерде жүргеніне 50 жылға жуықтаған. Ол 22 жасында Алматыдағы жастар мен жасөспірімдер театрынының табалдырығын аттаған. Содан кейінгі жарты ғасырға тарта уақыт ішінде осы мәдениет ошағының сахнасынан түскен емес.  Басқа жерден қанша шақырту келсе де бармаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осында жүріп, 40-тан асқан шағында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атанады. Ал, 1998 жылы Халық әртісіне ұсынылады.

Лидия Кәденова, театр және кино әртісі:

Ол кезде бір атақ алсаң, бес жыл бермейтін. 74-те бастасам 19 жыл жұмыс істегеннен кейін 90 жылдары алдым. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі әуелі еңбек етіп жүріп, бұйырса Халық әртісі деген атағын беретін. Бізге келгенде атағымызды ұсынып қойды. Гүлжамал бар, мен бар Еңбек сіңірген әртісті, бірақ атақ алынып қалды. Оның бәрі баспалдақ сияқты ғой. Әуелі кішкентай. Одан кейін үлкен.

Бірақ ол  атақ бұйырмады деп налымаған.  Қайта өнерін шыңдап, біліктілігін арттырып жұмысын жалғастырады.  Содан бері өзі ойнаған «Қаладан келген қыз» спектакліндегі Жәмиладан бастап, театрда 100-ге тарта рөлді сомдады. Оның сыртында ондаған киноға түсті. Биыл жасы 70-ке толды. Қазір сахнада қарт аналар бейнесі осы кісінің еншісінде. Лидия Кәденованың айтуынша, Халық әртісі нақты еңбегі сіңген, ел мойындаған өнер иесіне берілуі тиіс.

Лидия Кәденова, театр және кино әртісі:

Ұзын сөздің қысқасы қыз болып, әдемі қыздарды ойнап жүріп, қазір енді әжелерді ойнап жатырмыз. Еңбек сіңірген әртіс. Композитор ма, дирижер ма сондай кісілерді айтар едім. Ал әртіс. Оған қосылып жатқаны да шамалы. Тиын-тебен жағын айтып тұрмын. Бірақ ол шабыт сыйлайды. Алға жетелеуші шабыт беретін сияқты. Бұл еңбектің бағалануы. Атақ алу үшін 40 жыл я болмаса өлгеннен кейін алу міндет емес. Қазақтың атын шығарып жатса, неге алмайды ол. Оның 70 жасқа жетуін күтуіміз керек па? Ол дұрыс емес.

Лидия Кәденова өнерде жүрген жандардың бірауыздан Қазақстанның Халық әртісі атағының берілуін қолдайтындығын айтып отыр. Ең бастысы оның  өнермен қоса ұлтын сүйген адам болуын қалайды. «Сонда ғана атақ-абырой өз иесін табады»,-деп санайды.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов