Қарағандылық зағип жасөспірім домбырашылар байқауында топ жарды

Қарағандылық зағип жасөспірім «Домбыра-Дастан» домбырашылар байқауында 550 қатысушының арасынан үздік деп танылып, бас жүлде жеңіп алды. Ол байқауда ұтқан 8 миллион ақшасын ата-анасына пәтер алуға жұмсамақ.

Мәлім болғандай, 14 жастағы Нұрдәулет Сағатбектің отбасы балаларына музыкалық білім беру үшін Теміртаудан Қарағандыға көшіп келген. 

Жасөспірім Қарағандыдағы нашар көретіндерге арналған мектеп-интернаттың тәрбиеленушісі. Ол жарықты бір көзімен ғана көреді. Диагнозы – ревматоидты артрит. Ата-анасы ұлдарына операция жасату үшін үйлерін сатып жіберген. Бірақ отандық немесе шетелдік клиникалар көмектесе алмаған. Дәрігерлер 18 жасқа толғанда ота жасауға кеңес берген.

Домбырашы кәсіби музыкант болуды армандайды, байқауда қазақша «Арман» күйін орындады. «Музыка арқылы қуанышыңды да, қайғыңды да айта аласың. Қазір пәтеріміз жоқ. Сондықтан мен сегіз миллион теңгені ата-анама үй алу үшін беремін. Мен композитор болуды, халық күйшісі болуды армандаймын», – деді «Домбыра-Дастан» байқауының жеңімпазы.

Эльмира Жапқараева ұлымен мақтанады. Мықты екенін, алға қойған мақсатына жететінін айтады. Анасының сөзінше, мұны «Домбыра-Дастан» байқауында бірінші орын алғаны дәлелдеді.

Анасы баласының Өнер академиясына түсемін деген арманына кедергілер көп екенін айтып шағымданды. Себебі Алматы мен Нұр-Сұлтандағы жоғары оқу орындары мен өнер колледждері нашар көретін адамдарды қабылдамайды.

«Оларда Брайл шрифтімен оқытатын инклюзивті білімі жоқ. Мен министр Асхат Аймағамбетовтен жоғары оқу орындарына инклюзив білім беруді сұраймын. Менің балам ғана емес, басқа балалар да бар шығар», – деді Нұрдәулеттің анасы.