Өзбекстандағы қандастар домбыраны ерекше құрметтейді

Қазақтың қара домбырасымен күмбірлете күй төгіп отырған бұл өрендер мектеп қабырғасында білім алып жүр. Қанаттары қатая қоймаған. Бірақ түп-тамырын біледі. Болмысынан домбыра шертіп үйренгендіктен ұлттық аспапты ерекше құрметтейді.

Тынышкүл Мұсабекова, мектеп оқушысы:

- Мысалы үшін Адай күйі өте күшті. Ол Құрманғазының күйі. Абай ағайым үйретті. 2-сыныптан білемін.

Ұлы ақын Абайдың әдебиетінен де қандастар алыстаған жоқ. Екі ұлттың арасындағы берік байланыс, рухани достықтың арқасында Өзбекстанда 361 қазақ мектебі жұмыс істейді. Мәдениет ошақтарында үйірмелер ашылған. 

Абай Әбдіразақов, мәдениет үйінің оқытушысы:

- Балдәурен мен оқушы кезде бар болатын. Содан бері жалғастырып келемін. Ол кезде мен де Балдәуренде өнер көрсеткенмін. Қазір өзім ұстазбын. Балаларды тәрбиелеп жүрмін.

Алайда мемлекет егемендік алып, дербестік орнағаннан кейін Өзбекстандағы қазақ жастарының жоғары білім алу мүмкіндігі азайды. 90-жылдарда бұл елде ана тілімізде оқытатын 500-ден астам мектеп болса, осы күні төрттен бірі жабылып қалды. Университеттер қазақ мектебін бітірген балалардан емтиханды тек мемлекеттік тілде қабылдаған. Ал 2017 жылы биліктің ауысуымен жағдай өзгерді. Емтиханды қазақ тілінде тапсыруға жол ашылды.

Серік Үсенов, республикалық қазақ мәдени орталығының төрағасы:

- Өзбекстан республикасында қазақ тілінде тест тапсыруға үлкен мүмкіндік берді. Өткен жылдары 15 проценті оқуға түсетін болса, қазір 23 процентке жетті. Енді биыл 30 процентке балаларымыз жоғары оқу орнына кіреді.

Жалпы Өзбекстанда жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігі кеңес үкіметі кезінен өзгермеген. Талапкерлер кешенді емтихан тапсырмайды. Бір ғана оқу орнын таңдап, сол жердің сынағынан өтуге тиіс. Бертін келе мұндай жүйе жеңілдетіле бастады.

Ақжол Ерназаров, студент:

- Көптеген жастарға мүмкіндік беріліп жатыр. Соның бірін айтатын болсам, 68 балдық оқуға түсу жеңілдігі. Соны пайдалана отырып, студент атану бақыты бұйырды.

Қазына Шаймаханова, студент:

- Бір уақытта бір талапкер 5 жоғары оқу орнына тапсыруға болады. Осы мүмкіндіктің арқасында біздің қалада тәлім алып жатқан студенттер көп.

Баршын Өтеулиева, студент:

- Мен алғаш тәлімімді Тамды ауданында алдым. Сол жердегі қазақ мектебінде тәлім алып, алғаш шығармашылығымды бастадым. Науаи мемлекеттік педагогика институтына қазақ тілі факультетіне түстім.

Ерхан Мархабаев, студент:

- Өрісінде төрт-түлігі аралас, қойы жатыр бір-біріне қоралас. Бабам салған баяғы із өшпейді. Тату болсаң ешбір дұшпан жоламас. Нұрота, Қызылқұм өңірлерінде талай бабамыз қалған.

Қазақстандық жоғары білім беру жүйесі Орталық Азияда озық саналады. 2017 жылдан бері Қазақстан 50 мыңнан астам өзбекстандыққа жоғары білім берді. Соның аясында Отанға оралған қандастар да жетерлік.

Рауан Мыңбаев, Санжар Шатульяганов