Алматыда тұңғыш рет мәдениет форумы ұйымдастырылды

Ел тарихында бірінші рет өткен шараға 500-ден аса мәдениет және өнер саласының өкілі қатысып, театр, кино, кітапхана, музей, дәстүрлі өнердегі шешімін таппай жүрген мәселелерді ортаға салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір қай салада да қордаланған мәселе көп. Мәдениет және өнер саласында да айтып ауыз талған, орындалмай орта жолда қалған бастамалар аз емес. Тұңғыш форум деген соң тайлы тұяғы қалмай келген өнер өкілдері, салтанатты жиында өнердің өгейсіп, ұлттық құндылықтардың құны қалмай бара жатқанын айтты. Саны бар сапасы жоқ кинокартиналарды сүзгіден өткізетін коммисия керек. Ал көркем дүние жасау үшін білікті маман даярлауға ден қоятын уақыт жетті, – дейді өнер өкілдері.

Нұрбақыт Боқыбаев, Абай атындағы ұлттық опера және балет театрының бас директоры:

Кез келген театрдың басындағы бар проблема ол жаңа қойылымдар. Қай саланы алсаңыздар да кадрлық тапшылыққа ұрынып жатырмыз. Өйткені кәсіби опера режисерін табу қиын. Кәсіби мықты дирижерларды табу, кәсіби сценографтар сахнаға арналған. Өзіміздің мамандарды жаңа үрдісте тәрбиелеп шығару, жан жаққа оқуға жіберіп, сол жақтан тәжірибе алғызып, өзіміздің сахнамызда өзіміздің мамандарымызды тәрбиелеу ең алғашқы мәселелердің бірі болып тұр.

Елімізде мәдениет үйлерін, театрларды, мұражайларды қосқанда 7 мыңнан аса өнер ошағы бар. Мәдениет министрлігі оларды жөндеу, жабдықтау бойынша жоспар әзірлеуде. Мәселен, биылдың өзінде 300-ге жуық мәдени нысан салынып, қайта жөндеуден өтеді. Әсіресе ауылдық жерлердегі өнер ошақтарына көңіл бөлінеді.  

Дәурен Абаев, ҚР мәдениет және спорт министрі:

Бірінші басымдық – отандық көркем туындылардың сұранысқа ие болуы мен бәсекеге қабілеттілігі. Отандастарымыздың өз фильмдерін көруі, өз авторларымызды оқуы, өз музыкамызды тыңдауы біз үшін өте маңызды. Оған қоса, еліміздегі жалпы мәдени жағдайды, басқаша айтқанда, халықтың мәдени капиталын көтеру аса өзекті.

Форум аясында мәдениетке үлес қосқан 47 өнер өкіліне «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Айта кетейік, Мәдениет форумы елімізде енді дәстүрлі түрде өтіп тұрмақ.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов