Қазақстанда қанша адам TikTok пайдаланады

Кеше, 30 мамыр күні ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров Ресейдегі TikTok әлеуметтік желі өкілдігінің бас директоры Сергей Соколовпен кездесті.

Кездесу барысында министр қонақтарды ведомствоның қызметімен қысқаша таныстыра кетіп, бүгінде TikTok жастар аудиториясы ғана емес; жалпы, интернет кеңістігіндегі ең ірі әлеуметтік платформалардың біріне айналғанын атап өтті. Қазіргі уақытта ТikTok қолданушыларды қамту ауқымы жағынан Instagram және Facebook әлеуметтік желілерімен қатар тұратын танымал платформа.

Асқар Омаров қазіргі таңда Қазақстанда тикток-хаустар болып біріккен танымал отандық блогерлердің белсенділігі артып келе жатқанын атап өтті.

Өз кезегінде Сергей Соколов ТikТоk платформасын бүкіл әлем бойынша 2 млрд-тан астам адам қолданатынын, оның ішінде Қазақстанда ТikТоk-тың 7 млн-нан астам пайдаланушысы бар екенін атап өтті. Пайда болғаннан бері, 4 жылдың ішінде ТikТоk өз қолданушыларына ойын-сауық контенттен, пайдалы әрі мазмұнды контент ұсына бастаған.

Сонымен қатар ол танымдық контентті күшейту туралы ұсынысты қолдай отырып, Қазақстанда тарих, туризм, мәдениет, білім және ғылым, театрлар мен мұражайлар туралы мазмұнды контент қалыптастыратын жаңа бірлескен жобаларды іске асыруды ұсынды.

Бұдан бөлек, аталмыш кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Динара Закиева да қатысты. Өз тарапынан ол балалар мен жастардың мәдени, құқықтық және цифрлық сауаттылығы саласындағы бірлескен жобаларды іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

Шара қорытындысы бойынша тараптар өзара тығыз қарым-қатынас пен ынтымақтастықты нығайтуға ниет білдірді.