Өзбекстандағы Қазақ мәдени орталығына 30 жыл

Түбі бір түркі халықтарының ішінде қандастарымыз көп қоныстанған елдің бірі – Өзбекстан. Бағзы заманнан бері осы өлкеде тіршілік етеді.

Ата қоныс, жаз жайлауы. Қазақтың қос биі, Төле мен Әйтекенің сүйегі өзбек жерінде жатыр. Қазақ мәдени орталығы тәуелсіздік жылдары құрылды. Екі халықтың арасын алшақтатпай, байланысты нығайтатын қозғаушы күшке айналды.

Серікбай Үсенов, республикалық қазақ мәдени орталығының төрағасы:

- Өзбекстандағы қазақтардың экономика, білімдегі үлестері бойынша конференция ұйымдастырдық. Бүгін екі елдің жастарын даярлау мәселесі, жастарды оқытсақ, ертең елге қызмет қылады деген әңгіме болып, университтер меморандумға қол қойды, жастарды оқытуға даярмыз деді.

Осы күні қауымдастық өкілдері тарихи Отанында тегін білім алғысы келетін қандастарды елге жіберумен айналысады. Тұрақты жұмыс табуға да септеседі. Отандастар қоры арқылы түйткілдерін шешеді. Өзбекстанда қандастарымыз қандай да бір диаспора өкілі деп аталмайды. Мұнда олар барлық мүмкіндікке ие. Жастар жағы қазақ мектебін бітірген соң ана тілінде емтихан тапсырады.

Жандос Оразмаханов, Қорқыт ата атындағы қызылорда университетінің өкілі:

- Орталықтың 30 жылдығына орай білім көрмесін ұйымдастырып жатырмыз. Мақсатымыз осы Өзбекстандағы ұлты қазақ студенттерді шақыру. Сапалы білім беру. Бізбен бірге Жамбыл, Солтүстік Қазақстан университетінен де келіп жатыр.

Мерекелік кеште елге белгілі өнерпаздар ән шырқады. Дәстүрлі жырдан шашу шашылды. Мың бұралған бишілер сахна ажарын айшықтады. Қазақстанның халық әртісі Майра Мұхамедқызы бастаған ұжым қандастарға жүрекжарды лебізін білдірді. Жат жерде жүрсе де, Отанын аңсаған ағайынды рухани ән-жырмен байытты.

Майра Мұхамедқызы, ҚР Еңбек сіңігрен әртісі:

- Осында біраз қандасымыз бар. Алғысымды айтамын. Осындай мүмкіндік беріп, мен жақсы түсінемін. Сырттағы қазақтардың елге деген сүйіспеншілігін. Арамыз алыс емес. Бірақ шекара деген нәрсе бар. Бірақ қандастар елге тезірек оралса екен.

Екі күндік бағдарлама мазмұны жағынан ауқымды шараларға толы болды. Ғылыми конференцияда Өзбекстандағы қазақ қоғамының ел дамуына сіңірген еңбегі, қосқан үлесі таразыланды. Әрбір салада қаракөздеріміз жемісті еңбек етіп жүр. Спортта да, өнерде де бағы мен бабы қатар шапқандар бар.

Абзал Сапарбекұлы, «Отандастар» қорының президенті:

- Бұл жердегі қазақтардың, елдің дамуына үлес қосқандардың аты аталды. Жалпы бұл өтіп жатқан шараға Өзбекстан үкіметінің қолдауымен өтуде. Сосын кеше Өзбекстанның ассамблея дейміз, жергілікті ғалымның Өзбекстандағы қазақтардың тарихи шежіресі деген кітабы шықты. Онда рулық шежірелер атап өтілген.

Көрші ел өткен тарихты түгендеуге барынша күш салып келеді. Ғалымдары Ресей мен Өзбекстандағы музей-архивтерге еніп, толымды зерттеулер жүргізді. Енді қазақ тарихына қатысты да құнды деректерді жаңғырту қажет. Оның бір парасы Өзбекстанның мемлекеттік мұрағатында сақтаулы. Бұл іске тарихшылардың кейінгі толқыны кіріссе, өткеніміз жаңғырып, бүгініміз айшықталар еді. Қазақ пен өзбек әуелден базары мен мазары бір, ауылы аралас, қойы қоралас халық. Екі елдің достығы, мәдени және рухани байланысы тереңге тамыр тартқан. Қазақ мәдени орталығы арадағы ынтымақты ырысты етуге одан әрі септігін тигізе бермек.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов