«Астана Опера» театрының жетекші солисі Жапония халқын өзіне қаратты

Арман Уразовтың есімі Морис Жаррдың музыкасына көрнекті хореограф Ролан Петидің «Париж Құдай анасының соборы» спектаклі афишасының сәнін келтірді. Отандасымыз 11-12 маусымда Maki Asami Ballet танымал жапондық труппасымен өнер көрсетіп, қазақстандық балет өнерінің жоғары деңгейін паш етті.

Арман Уразов Жапонияда Ролан Петидің ассистенті, әйгілі балетмейстер Луиджи Бониноның арнайы шақыртуымен Қазақстанды таныстырғанын атап өткеніміз жөн.

– Біз Луиджи Бониноны көптен бері білеміз, ол өте керемет адам және бидің егжей-тегжейіне және саздылығына зор мән беретін кәсіпқой маман. 2016 жылы ол «Астана Операға» Ролан Петидің хореографиясында «Париж Құдай анасының соборы» әйгілі спектаклін алып келді, одан кейін осы көрнекті хореографтың қойылымында Лео Делибтің әйгілі «Коппелия» танымал балетін ұсынды. Жапонияда мені Луиджи Бонино күтіп алып, екеуіміз бірге он күн бойы өнер көрсетуге дайындалдық, – деп пікірімен бөлісті әртіс.

Спектакль Токиодағы беделді Bunka Kaikan Hall сахнасында өтті. «Астана Операның» жетекші солисі спектакльдегі капитан Фебтің партиясын керемет орындап, жапондық көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленді.

– Мені Фебтің партиясын орындауға әдейілеп шақырғаны мен үшін зор мақтаныш, себебі бұл спектакльде менің репертуарымда Фроллоның да рөлі бар. Бұл осы партиямен шетелде бірінші рет өнер көрсетуім емес, осыған дейін біздің труппа Санкт-Петербордағы Мариин театрында «Париж Құдай анасының соборы» балеттік спектаклін ұсынған болатын. Ол кезде де мен Фебтің бейнесін сомдаған едім. Әрине, күнде көріп жүрген әріптестеріңмен өнер көрсету, бір сахнада билеу — басқа да, бейтаныс әртістермен жұмыс істеу мүлде басқа. Бұл жолы мен өз өнер көрсетуіммен Қазақстанды, біздің театрды таныстырғаннан кейін, маған бұрынғыдан да зор жауапкершілік артылды, бойымдағы барлық кәсіби шеберлігімді көрсетуге тырыстым. Маған білдірген қолдауы үшін балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратоваға ризамын, – деді театрдың жетекші солисі.

– Бүгінде қазақстандық балет әлемдік деңгейде тұр деп нық сеніммен айта аламын. Біздің әртістердің шет елдерде өнер көрсетіп, спектакльдер мен гала-балеттерге қатысуға шақырту алып жатқаны осының айқын дәлелі. Осыған дейін Оман, Италия мен Испанияда табысты өткен гастрольдік өнер көрсетулеріміз кезінде, сондай-ақ осы жолғы сапар барысында да бұған нақты көз жеткіздім, – деді Арман журналистермен әңгіме кезінде.

Жапония балет труппаларының сан алуандығымен танымал, солардың бірі біздің әртіспен жұмыс істеген Maki Asami Ballet. Бұл әртіс үшін Күншығыс еліне алғашқы баруы болса да, ол өнерде шекара жоқ екенін, шетелдік әріптестерімен алғашқы дайындықтан кейін-ақ достасып кеткенін айтты.

Еске сала кетейік, Bunka Kaikan Hall – Токияның ең беделді залдарының бірі. Екі күндік спектакльде отандасымызбен бірге, Maki Asami Ballet труппасы, сондай-ақ Франция мен Италиядан шақырылған солистер өнер көрсетті.

– Капитан Феб – техникалық жағынан өте күрделі партиялардың бірі. Өйткені бұл кейіпкер спектакльдің басынан аяғына дейін сахнадан кетпейді және шымылдықтың артында босқа отырмайды. Вариациядан кейін тағы вариацияны, одан кейін па-де-дені билейді, бір сөзбен айтқанда, бұл партияда техникалық әрі эмоционалдық тұрғыда өте көп күш жұмсалады, – деді Арман Уразов.

Дарынды биші сахнада актерлік шеберлік, техникалық дайындық жағынан да өзін жақсы көрсете біледі. Оның қоржынында Қазақстанның ғана емес, сонымен бірге Германияның беделді халықаралық байқауларының жеңістері бар. Бүгінде ол театрда өтетін балеттік қойылымдарда жетекші партияларды орындап жүр.

«Астана Опера» әртістерінің алыс-жақын шет елдерді өнерімен тамсандырып жүргенін атап өтуіміз қажет. Олар әлемдік балет тарихында қазақ хореография өнерін нығайтуға үлестерін қосуда.