Әзербайжанда қазақстандық ақын-жазушылардың кітап қоры жиналған

Олардың көбі Әзербайжан тіліне аударылып, электронды нұсқаға көшірілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әзербайжандағы ұлттық кітапханадан қазақстандық жазушылардың туындыларын таба аласыз. Жиналған қорда әзербайжан тіліне аударылған 45 тарихи және заманауи еңбек бар. Арасында атақты ақын-жазушы Жамбыл Жабаевтың шығармалары да кездеседі.

Низами Мамедов-Тагисой, филология ғылымының докторы, профессор:

– Мен Қобыланды батыр дастанын әзербайжан тіліне аудардым. Кейін Мұхтар Әуезовтың өмірі туралы монографияны да шығардым.

Эльхан Зал Гараханлы, Махмұд Қашқари қорының төрағасы:

– Бір-бірімізді бауырлас халық деп атау жеткіліксіз, екі ел мәдени, әдеби байланыста болу керек. Мәселен, Қашқари қоры соңғы 30 жылда қазақстандық авторлардың көптеген шығармаларын әзербайжан тіліне аударып шықты.

Аударылған кітаптардың саны көп болғанмен, олардың барлығы жеткілікті тиражда басылған жоқ. Цифрландыру үшін де арнайы авторлық құқық қажет. Мәселені шешу үшін қос елдің сарапшылары бірлесе әрекет етуге кірісті.

Керим Тахиров, Әзербайжан ұлттық кітапхананың директоры:

– Электронды кітапхананы екі елдің де оқырмандары өз игілігіне пайдалана алады. Бұл туындылар әлемнің түкпір-түкпірінде қолжетімді. Әзербайжан ұлттық кітапхана Қазақстандағы екі ірі кітапханамен бірлесе жұмыс істеуде. Бұндағы қазақ әдебиетіне арналған бұрыш сан алуан кітаптарға толы. Топтаманы алдағы уақытта байыта түсеміз.

Цифрланған басылымдарды Әзербайжан мен Қазақстан елшілігінің ресми сайтынан табуға болады. Электронды ресурс кез келген оқырманға ашық. Мамандардың айтуынша, бұл жоба өскелең ұрпақ үшін екі ел тарихының күретамырын ұмыт қалдырмауға септеседі. 

Автолары: Камилла Джабарова, Айгюн Гасан