Қазақстандық жас дизайнер Лондонда өткен сән қойылымына қатысты

Сән саласында отандық өнімдер батысты бағындырды. Қазақстандық жас дизайнер Айдана Омарова Лондонда өткен Silk Road Fashion сән қойылымында көптің қошетеміне бөленді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол қазақы нақышта және заманауи стильде тігілген киім топтамасын британия жұртшылығының назарына ұсынып, зор қошеметке ие болды. «Айдана Омарова Кутюр» сән үйі Омабель брендімен бірігіп, заманауи стиль мен қазақи нақышты ұштастырған өнімдерін ұсынды. Кардигандар мен сыртқы киімдер талғамы жоғары британ жұртын таң қалдырды. Сала мамандары бұл топтама Ұлыбритания астанасында өтетін Лондон сән апталығында да көрсетілуі керек деген ұйғарымға келді.

Сибу Дладла, Лондон сән апталығының өкілі:

– Британ сән кеңесінің мүшесі ретінде осындай қойылымдарға қатысып, жаңа дарын иелерін іздейміз. Меніңше, Айдана Кутюр және Омабель бренді шетелдік нарыққа сұранып тұр. Мен мұндай дизайнды батыста бұрын-соңды көрген емеспін.    

Silk Road Fashion сән қойылымының тақырыбы: «Жібек жолынан Лондондағы Паль Маль көшесіне дейін». Эксклюзивті киім дизайнері Айдана Омарованың бұл жолда жолы болған секілді. Ол жоғары сұраныстағы «Омабель» тері және былғары бұйымдары салондары желісінің акционері. Бұған дейін Айдана Омарова дизайнерлік топтамасын Италия мен Германияда көрсеткен.  

Айдана Омарова, Aydana Omarova Couture сән үйінің дизайнері:

Болашақта Лондон қаласында және де басқа елдерде жеке коллекциямызды, брендімізді, дүкендерімізді ашу жоспары тұр. Қазір біздің Түркия, Араб елдерінде, Дубай қаласында және басқа да шетелде дүкендеріміз бар. Қазақстанның өнімін бүкіл әлемге паш етуге тырысып жатырмыз. 

Іс-шара Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуына орай өткізілді. Silk Road Fashion сән қойылымының ұйымдастырушысы Алма Фармер.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы