Скрипкашы Айман Мұсақожаева Берлинде өнер көрсетті

Концерт Еуропаның ең беделді алаңының бірі – Берлин филармониясының үлкен залында өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еліміздің халық әртісі Берлин симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен әйгілі композитор Арам Хачатуряннның скрипкаға арналған шығармасын орындады. Концерт неміс дирижері Гудни Эмельсонның жетекшілігімен өтті. Берлин залы қазақстандық скрипкашының концертін көремін деушілерге лық толды. Жергілікті көрермендер бұл кешті асыға күткен. Ол 2 жыл бұрын өтуі тиіс еді. Бірақ пандемиядан кейінге шегерілген. Алда Айман Мұсақожаеваның Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттерімен бірге Словения, Франция және Италияда концерті өтеді. 

Айман Мұсақожаева, ҚР халық әртісі:

- Осы керемет үлкен залда биыл үшінші рет өнер көрсетіп отырмын. Көрермендер қойылымымызды өте жақсы қарсы алды. Берлин оркестрімен көп жылдан бері жемісті жұмыс істеп келеміз. Бүгін Хачатурянның симфониялық оркестрімен скрипкаға арналған шығармасын орындадым. Жиналған қауым дән риза болды. Сондықтан бүгінгі бағдарламамыз олардың көңілінен шықты деп ойлаймын.