Кореяда алғаш рет қазақ киносының апталығы өтіп жатыр

Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында алғаш рет қазақ киносының апталығы өтіп жатыр.

Жергілікті көрермендерге 2013-2021 жылдар аралығында түсірілген 8 фильм көрсетіледі. Олардың барлығы Азиядағы ең ірі Пусан халықаралық кинофестиваліне қатысты. Бұл «От», «Қызыл анар», «Сары мысық», «Қап-қара адам», «Барымташылар», «Тренинг личностного роста», «Жаңғақ ағашы» және «Ер Төстік пен Айдаһар» сияқты таспалар. Көрме Қазақстан мен Корея арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына, сондай-ақ Пусандағы Бас консулдықтың ашылуына орайластырылды. Шараны жергілікті әкімдік, Пусан халықаралық ынтымақтастық қоры және Сеулдегі елшіміз ұйымдастырды. Фестивальді Айжан Қасымбектің 2020 жылы түсірілген «От» фильмі ашты. Саундтрегін оңтүстік кореялық композитор Чой Джон Хо жазған. Қазақ киносын тамашалаған көрермендер өз әсерімен бөлісті.

И Со Рён, Пусан қаласының тұрғыны:

- Фильм маған өмірдің қаншалықты ауыр екенін, түрлі қиындықтар кездесетінін көрсетті. Мен Алматының атмосферасын сезіндім, Кореяға ұқсастық көп. Бұл шаһарда бұрын болмасам да Қазақстан маған жақын ел сияқты көрінді. 

Ли Чи У, Пусан халықаралық ынтымақтастық қоры бас хатшының орынбасары:

- Шілде айында Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанға саяхат жасауды жоспарлап отырмын. Алматыдан бастаймын. Бүгін шаһардың тыныс-тіршілігімен танысқандай болдым. Пусан мен Алматы арасындағы достық келісім аясында оңтүстік кореялықтар қазақ мәдениетімен көбірек танысса, жақсы болар еді. Фильмде қаланың әдемі жерлері көрсетілген. Басты кейіпкер бізге ұқсайды. Пусан тұрғындары мәдени ұқсастықты сезінеді деп ойлаймын.