Павлодар маңынан қимақ-қыпшақ қорғандары табылды

Павлодар ғалымдары облыс орталығына жақын жерден бірнеше қорған тапты. Биылғы археологиялық маусымда қорымдар қатар зерттеліп жатыр. Мамандардың пайымдауынша, қимақ-қыпшақ қорғандары көшпенділер мәдениеті туралы ауқымды мағлұмат береді. 

Қорымдардың орны бір ай бұрын табылған. Сол сәттен бері қазба жұмыстары жүріп жатыр. 

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Павлодардың іргесінде қимақ-қыпшақ дәуіріне жататын қорғандар екі шақырымға созылып жатыр. Қазба жұмыстары барысында олардың басым бөлігі тоналып кеткені анықталды. Десе де, ел тарихы үшін оның құндылығы маңызды. Мамандардың айтуынша, бұған дейін дәл осы жерде жібек матасының қиындысы табылған. Яғни мұнда бай-дәулетті адамдар жерленуі мүмкін. 

Қорымдар кешені Павлодар маңындағы Кенжекөл және Байдала ауылдарының маңында орналасқан. Қимақ-қыпшақ кезеңдеріне тиесілі тарихи ескерткіштер 9-10 ғасырларда пайда болған деген болжам бар.

Елена Тушева, археолог:

- Көшпелілердің сәулет өнері туралы мағлұмат тым аз. Бұл олқылықтың орны осындай қорғандарды зеттеу арқылы толады. Қимақ қалаларын ұзақ жылдар бойы зерттеп келеміз. Алайда, тек некропльдер табылып жатыр. Бұл көшпенділер шаһары болуы мүмкін. Бұл қорғандарды км тұрғызды? Біз осы сауалдың жауабын іздейміз.

Ғалымдардың айтуынша, қорғандардың ішінде сәулеттік нысандар болуы мүмкін. Қазба жұмыстарының екінші кезеңі, топырақтың сазды бөлігін зерттеу. Әзірге кірпіштердің қалдықтары табылды. Көне ескеркіштер тоналса да, тарих үшін өзектілігін жоғалтпайды. Бұл іске оқушылар мен тарихшылар атсалысуда.

Оксана Питюкова, Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі:

- Үздік оқушылар осындай экспедицияларға қатысады. Тарихи орындарда болу жобамыздың негізгі тұсы. Балалар археологтармен қатар қазба жұмыстарына қатысады. Осылайша, теория мен практиканы қатар дамытамыз.

Ерасыл Қажатолла, оқушы:

- Біз экспедиция барысында қыпшақ қорғанын зерттеу барысындамыз. Жалпы, өте қызықты. Археология, яғни туризммен қатты байланыспаса да өте қызықты. Біз бүгінгіге дейін Баянауыл, Екібастұз және Павлодар қаласы бойынша зерттеп шықтық.

Қимақ кезеңіне жататын қорымдар алғаш рет өткен ғасырдың 50-жылдары ашылған. Бірақ зерттелмей қалған. Кешенді қазба жұмыстары соңғы жылдары қайта жанданды. Қорғандар республикалық трассаның  бойында орналасқан. Оған қоса бұл аумақта жеке тұрғын үй құрылысы қызу жүріп жатыр. Сондықтан ғалымдар бірегей ескерткіштерді сақтап қалуды көздейді.

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Жеңіс Темірболат