Ақын Ұлықбек Есдәулет Михай Эминеску атындағы арнайы сыйлыққа ие болды

Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Михай Эминеску атындағы арнайы сыйлыққа ие болды. Михай Эминеску 19-ғасырда өмір сүрген румын әдебиетінің классигі. Ақынға марапат Крайова қаласында өткен әлемдік поэзия фестивалінде табысталды. 

Румын әдебиетінің классигі Михай Эминеску есімі ақынның туған жерінде ғана емес, әлемнің көптеген елінде жақсы танымал. Оның атында Халықаралық әдебиет академиясы жұмыс істейді. Сондай-ақ жыл сайын Халықаралық поэзия фестивалі өтіп тұрады. Биылғы жыр додасына қатысқан 30-ға жуық қаламгердің ішінде ақын Ұлықбек Есдәулет шығармашылықтағы ерекше еңбегі үшін арнайы марапатқа ие болды.

Ұлықбек Есдәулет, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:

- Шынын айтқанда, біздің әдебиетімізді тану, ол біздің поэзиямызды құрметтеу. Ол бізге талант қосып бермейді, бізге өлеңімізге өлең қосып бермейді, бірақ бар дүниеңді бағалау деп есептеу керек.

Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар ақын Ұлықбек Есдәулеттің өлеңдері ағылшын, француз, әзербайжан, қырғыз, өзбек тілдеріне аударылған. Енді румындық оқырмандар да ақынның шығармаларымен таныса алады.

Ұлықбек Есдәулет, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:

- Біздің қазақ айтады ғой, тырнағымды іліктіріп алайын деп, сол секілді тырнақ іліктіріп жатырмыз. Келешекте біз әлемдік қауымдастыққа кеңінен қанат жайып, кәдімгідей қоян-қолтық араласатын деңгейге жетіп алсақ деген ойымыз бар.

Михай Эминеску атындағы VI Халықаралық поэзия фестивалін келесі жылы Қазақстанда өткізу туралы ұсыныс түскен.

«Әлемдік шара  қазақ әдебиетінің танылуына, қаламгерлердің қанат жаюына мүмкіндік береді», - дейді ақын Ұлықбек Есдәулет.  

Гүлжан Көленқызы, НұрдәулетЖақсыбаев