Джакартада Димаштың жанкүйерлері фан-клубтың 5 жылдығын атап өтті

Джакарта қаласында Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері жиналып, фан-клубтың 5 жылдығын атап өтті. Оның қатарында 10 мыңдай адам бар. Бұл кездесуді Индонезияның ұлттық кітапханасы мен Қазақстан елшілігі ұйымдастырды. Димаш жанкүйерлері оның әндерін орындап, Қазақстан мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

Индонезия астанасында Димаш Құдайбергеннің әндері шырқалды. Олардың кейбіреуі бахаса тілінде орындалды. Джакартада Димаш өнерінің жанкүйерлері өз фан-клубының мерейтойын атап өтті. "Димаш Қазақстанның алтын дауысы" атты шара Ұлттық кітапханада ұйымдастырылды. 2017 жылдың мамыр айында құрылған фан-клуб қатарында 10 мыңға жуық адам бар. Кейбіреуі қазақ тілін үйреніп алған. Жанкүйерлерінің бірі "Еңлік-Кебек" поэмасының қысқа нұсқасын оқып беріп, оны Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арнады.

Дестри Ариана, DID фан-клубының төрағасы :

- Фан-клуб құрғанда 5-10 адам едік. Әлеуметтік желілерде белсенді науқан өткізіп, кафелерде кездесіп жүрдік. Біртіндеп қатысушылар саны 10 мыңнан асты. Димаш Құдайбергенге сүйіспешілігіміздің арқасында қазақ мәдениетімен жақынырақ таныстық.

Тита Сривахуни Коссатита, DID фан-клубының мүшесі:

- Менің жасым 62-де. Мен қазақ тілін үйренгеніме алты ай болды. Димаштың дауысын естігеннен кейін қазақ тіліне деген сүйіспеншілігім ашылды. Бара-бара қазақ жазушылары мен ақындары туралы зерттей бастадым. 

Люси Новарианти, DID фан-клубы төрағасының орынбасары:

- Ұстаз болғасын жастардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлемін. Димашты көргенде тек дауысына ғана емес, әлеуметтік желілерден білген соң оның игі істеріне сүйсіндім. Осылай Қазақстан мен халқы туралы көбірек білгім келді. Мен «Димаш ин май стори» атты бірінші кітабымды жаздым. Қазір екінші кітапты жазып жатырмын, ол да жақында жарық көреді. 

"Димаш Индонезия дирс" атты фан-клуб Қазақстанның Джакартадағы елшілігі және Нұр-Сұлтандағы Индонезия елшілігімен тығыз ынтымақтасып келеді. Бұл шараға арнап бейнеүндеу жасаған елші Фаджрул Рахман клубтың екі ел арасында мәдени байланыстарды нығайтудағы маңызды орнын атап кетті. Ал Қазақстан елшілігінің қызметкерлері қонақтарға еліміз туралы жан-жақты ақпарат берді.

Рахмат Промоно, Индонезияның Қазақстандағы бұрынғы елшісі:

- Халық Димашты жақсы көреді, сондықтан қысқа мерзімде тыңдармандары көбейді. Бүгінгі шарада көрнекті тұлға Мұхтар Әуезовтің шығармашылығымен таныстық, фан-клуб мүшесі қазақ тілінде оның поэмасын айтып берді. Осындай мәдени шаралар елдерімізді жақындастырады және оның негізінде өзге де салаларда, мәселен, бизнес өкілдері арасында қатынастарымызды одан әрі жақсарта аламыз деп ойлаймын.

Сонымен бірге мұнда Қазақстанға арналған көрме ашылды. Экспонаттар ретінде кітаптар, фотосуреттер, ұлттық киім мен музыкалық аспаптар қойылған. Экспозиция шілденің 8-іне дейін жалғасады.

Ботагөз Сырғабаева