Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне ұзақ мерзімді сараптама жасалады

Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне ұзақ мерзімді сараптама жасалады.

Бұл туралы Түркістан қаласына арнайы келіп, халықпен кездесу өткізген Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, кесене ішіне арнайы есептегіш құралдар орнатылған. Қазір олар тарихи нысанның ішіндегі өзгерістерді есептеп жатыр. Сосын оған арнайы сараптама жасалады. Халықаралық сарапшылар қорытынды шығаратын болады.

«Мүмкін ғалымдар «мына жерін ашыңдар, мына жерін бекітіңдер» деп өздері ұсыныс айтады. Соның нәтижесінде біз қалпына келтіру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Кесене біздің ғана емес, бүкіл әлемнің мұрасы саналады. Сондықтан оны сақтап қалу үшін бар күш-жігерімізді саламыз»,-деді министр. Сондай-ақ кездесуде ішкі туризмді дамыту, мәдениет пен спортқа көңіл бөлу, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту жайы да сөз болды. Тұрғындар өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.

Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі

- Менің ойымша, ашық пікірталас болды. Ағаларымыз, апаларымыз көп дүниелерді айтты. Расында ондай мәселе бар. Оны қолға аламыз. Жалпы біздің бәріміздің, елдің, билікте жүрген азаматтардың ойы бір. Осы елімізді одан әрі дамытып, жаңа деңгейге көтеру.