Ұлттық домбыра күні елордада күй жәрмеңкесі өтті

Төл өнерді насихаттау мақсатында игі шара ашық аспан астында ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда елге белгілі күйші, домбырашылар туралы деректер айтылып, күй тартудан байқау өтті. Күй – құдірет, күй – ұран. Күй – қазақтың жаны. Оның өз тыңдаушысы, жанымен ұғып бағалайтын қауымы бар. Міне, осындай азаматтар «Күй анасы» атанған Дина Нұрпейісова ескерткішінің маңына жиналды. Жастар арасында жарыс өткізіп, күй тарихынан сыр шертті.

Төлеген Қуанышов «Күй анасы» қорының басшысы:

– Өсіп келе жатқан ұрпаққа қазақтың төл аспаптарының бірі – домбыраның мүмкіншілігін көрсетіп, күй тартыста солардың деңгейін айқындайтындай конкурс ұйымдастырып жатырмыз. Бұл жерде бас бәйге үкілі домбыра тігіліп жатыр.

Күй жәрмеңке биыл үшінші мәрте ұйымдастырылды. Жыл өткен сайын қатысушылар саны артып келеді. Жастардың қызығушылығы жоғары.

Диана Маратқызы, байқауға қатысушы:

– «Ыңғайтөк» дейтін күй орындадым. Ол Сүгір Әлиұлының күйі. Дина апамыздың «Бұлбұл», «Науаи» күйлерін білем.

Орақ Жауыров, ҚР Мәдениет қайраткері:

– Бұл домбырашы, өнер сүйер қауым үшін үлкен мереке. Мінекей, енді жәй мектептің балалары да үйреніп жатыр домбыраны. Былтыр Айтжан Тоқтаған мың баланың басын қосып, оркестр құрды. Ол деген біздің үлкен жетістігіміз.

шара барысында белгілі күйшілер өнер көрсетіп, күй бастауында тұрған бабаларымыз туралы естеліктер айтты.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа Аят Дүйсенбаев