Елбасы стипендиясының атауын өзгерту ұсынылды

Ашық НҚА порталында «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясының» атауын өзгерту туралы Прездент Жарлығының жобасы жарияланды.

Құжат жобасын әзірлеген орган – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі.

«Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 3 сәуірдегі №369 Жарлығына мынадай өзгерістер енгізілсін: тақырыбы «Мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияны тағайындау туралы» деген редакцияда жазылсын» делінген жарлық жобасында. Яғни «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясы» деген атау «Мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия» деп өзгертіліп отыр. Ал стипендияның мөлшері бұрынғыдай 55 айлық есептік көрсеткіш (174 900 теңге – ред) көлемінде қалады.