loader


Түркістан облысында үңгірден жұмбағы мол жәдігерлер табылды

Түркістан облысынан алғашқы қауымдық құрылыс кезінде қолданылған жәдігерлер табылып жатыр. Ол тас дәуірінде өмір сүрген адамдарға тиесілі. Тарих үшін өте құнды дүниелерді археологтар Қаратаудағы үңгірлердің бірінен қазып алған. Әзірге бұл Қазақстан аумағынан табылған ең көне жәдігерлер болып отыр.

Қазақстан жеріндегі ежелгі үңгірлердің бірі Тұттыбұлақ Бәйдібек ауданында орналасқан. Ол өткен ғасырдың орта тұсында табылған еді. Қойнауы қазына мен жұмбақ-сырға толы бұл мекеннен қазып алынған артефактілер тас ғасырына тиесілі. Күнделікті еңбек құралы ретінде қолданылған қырғыш, тас табақ сияқты тағы басқа да заттарды ғалымдар Германияға сараптамадан өткізуге жіберген. Сол елден құнды жәдігерлердің 48 мың жылдық тарихы бар екендігі туралы сүйінші хабар жетті.

«Бұл тарих үшін сенсациялық жаңалық», - дейді археологтар. 

Жәкен Таймағамбетов, тарих ғылымдарының докторы:

- Табылған тас құралдарды, оны сызып, мен қазір айтып жатқаным осы жерде жұмыс істеп жатқан екі жас маман осы шілденің 19-ында Германияда докторлық диссертация қорғайды. Одан кейін біз қазір кітап шығарамыз осы Қазақстан бойынша осы үңгірлер туралы. Шетелде шығарамыз, сосын әрине ол жәдігерлер музейден орнын табады.

Тұттыбұлақ үңгірі Еуроодақтың арнайы жобасы аясында зерттеліп жатыр. Халықаралық қазба жұмыстарына Германия, Грекия және Испания елдерінен археологтар тартылды. Мәселен, Радо Йовица бұған дейін де бірқатар әлемдік деңгейдегі экспедицияға қатысып үлгіріпті. Соңғы кездері оның қызығушылығы Орталық Азияға ауа бастаған.

Радо Йовица, археолог /Германия/:

- Үңгірлерді зерттеу біз үшін өте маңызды жұмыс. Өйткені мұндай жерлерде адам мен жан-жануарлардың қалдықтары жақсы сақталады. Біз сол жерден алынған үлгілер арқылы ДНҚ-сараптама жасаймыз. Осылайша онда қандай адамдар өмір сүргенін анықтаймыз. 

Археологтар жақында бұл жерден адамның тісін тауып алды. Оның қай дәуірге тиесілі екені әлі белгісіз. Үңгір туристік маршут бойында орналасқандықтан бүлінген жерлері де баршылық. 

Бақытжан Қырықбай, Сырдария-Түркістан табиғи паркі филиалының директоры:

- Туристер келген кезде біз бұл жерде экологиялық мәдениет, өртке қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Одан кейін мынау үңгірде жаңағы кез келген нәрсені түртуге болмайды деген сияқты кез келген нәрсені бүлдіруге болмайды деген сияқты ескертпелерді айтып отырамыз келген адамдарға.

Археологтар «Тұттыбұлақ үңгірі біз үшін тарихтың алтын тарамы іспетті» дейді. Бұл жерде әлі де көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Қазақстан аумағында осындай 80 үңгір бар. Оның басым бөлігі әлі күнге дейін толық зерттелмеген. Өйткені елімізде палеонтологтар жоқтың қасы.

Ардақ Айбарұлы, Рауль Габитов, Қуаныш Абуов

Сондай-ақ...