Көкейіне сөз маржаны дарыған жастар елордада айтысты жаңғыртты

Көкейіне сөз маржаны дарыған жастар елордада айтысты жаңғыртты

Қазақтың төл өнері – айтыс ұмыт қалмауы керек. Көкейіне көсемсөз маржандары дарыған жас буын өкілдері бүгін елордада жыр төгіп, айтыс дәстүрін жаңғыртты.

Ел ішіндегі аламан айтыстарда бақ сынап, өнері өрге жүзген жас ақындар мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетін жырға қосты. Бұл елімізде жақында құрылған Геральдикалық зерттеулер орталығы ұйымдастырған қанатқақты жобаның бірі.

Ақбота Манарбекқызы, жас айтыскер:

- Айтысқа келмей тұрып негізі поэзияға қызығушылығым болған. Үлгі тұтқан Фариза апамыз болатын. Сол кісіге арналған бір шумақ өлеңімді оқып берейін: Жанарында бұлт, найзағай, жаңбыр бар, Асқар шың бар, теңіз де бар, даңғыл бар. Өмірінің өзі өлең өрілген, Өлеңінің әр жолында тағдыр бар деген едім. Бала күнімізден айтыс тыңдап өстік, халқымыздың ән-жырларымен сусындап өскеннен кейін сол өнерді барынша дамытып, үлесімізді қосуға тырысып жүрміз.

Асылбек Байжұмаұлы, геральдикалық зерттеулер орталығының директоры:

- Бүгінгі шарамыз бұл рәміздердің 30 жылдығына арналған «Мен қазақтың баласымын» деген айтыс.  Яғни енді 30 жы бойы жиналыстар, семинарлар өткізіп келдік. Меніңше, енді ол форматтан кеткен дұрыс. Мемлекеттік рәміздерді өнер арқылы, басқа да насихаттау жолдарын қолға алып отырмыз. Жалпы жүлде қорларына 1 жарым млн жуық қаражат бөлдік.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, игі бастама қолдау тапса, жас ақындардың айтысын жыл сайын өткізу мақсат. Ал бүгінгі жыр додасының әр қатысушысы 100 мың теңгеден сертификат алды.