Тараз Дүниежүзілік қолөнершілер қаласының тізіміне енуі мүмкін

Тарихы терең Тараз шаһары дүниежүзілік қолөнершілер қаласының тізіміне енуі мүмкін. Жергілікті билік әлемдік қолөнершілер кеңесіне өтініш берген. Қаланың әлеуетін бағалау үшін халықаралық сарапшылар бас қосты.

Тараз ежелден қолөнері өркен жайған шаһар. Облыс орталығында 80-ге жуық қолөнер шебері тұрады. Оның 30 пайызы киіз өнімдерін дайындаумен шұғылданады.

Нұржан Қалендеров, облыс әкімінің орынбасары:

- Бұл өнер түрін Тараз қаласының брендіне айналдыру көзделіп отыр. Бүгінгі таңда қаланың туристік және қолөнерлік әлеуеті бар. Тасын түртсе тарихы көрінетін тараз шаһары Қазақстандағы тарихи туризм мәртебесіне лайық түрде ие болып отыр. Біздің ойымызша, Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы тізіміне енуге толық мүмкіндік бар.

Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы тізіміне әлемнің 55 шаһары енген. Бұл тізімге әзірге Қазақстанда бір де бір шаһар енбеген. Сарапшылар пікірінше, Тараздың мүмкіндігі мол.

Әзизбек Мұртазаев, Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің Азия-Тынық мұхиты өңірі бойынша вице-президенті:

- Тараз Ұлы жібек жолы бойындағы саудасы дамыған қалалардың бірі әрі бірегейі болған. Әсіресе қолөнер өнерінің терең тарихы бар. Осыны қайта жаңғыртып, дүние жүзіне паш ету керек. Бұл мәртебелі тізімге енген қалаларға қойылатын талап бар. 

Халықаралық сарапшылар осы сапардан соң бас қосып, қорытынды шығарады. Тараз қаласының Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы тізіміне ену-енбеуі қыркүйекте белгілі болады. 

Азамат Қасым, Анастасия Сүлейманова, Тимур Сейілхан