Қазақстан туы, көрермендер әсері: Imanbek Канадада қалай өнер көрсетті

Атақты қазақстандық диджей Imanbek (Иманбек Зейкенов) Канадада өткен музыкалық фестивальде әсерлі өнер көрсетті.

Ол өзінің Instagram парақшасында Торонтода өткен Veld Music Festival атты музыкалық фестиваліндегі видеосымен бөлісті.

Бейнежазбадан мыңдаған адамның диджейді қалай жылы қарсы алғанын, сондай-ақ олардың белсенді билегендерін көруге болады. Тыңдармандары Қазақстан туын да ала келген. 

Бейнежазбада Иманбек пен BYOR тобының «Belly Dancer» трегі ойнап тұр, аталған әуенге 2022 жылдың шілдесінде анимациялық бейне жарық көрді.

Белгілі болғандай, фестиваль 29-31 шілде аралығында үш күн бойы өткен. Ресми сайтта ұсынылған іс-шараның нұсқаулығына сәйкес, бұл фестивальге әлемге әйгілі 45-тен астам би музыкасы мен хип-хоп орындаушылары қатысқан. Олардың арасында афишаға сәйкес фестивальдің соңғы күнінде өнер көрсеткен Imanbek-те бар.