«Ұлы дала – Ұлы Абай». Семейдегі Абай күні

Елордадан Абай облысына арнайы барған Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұжымының әншілерін көрермендер ыстық ықыласпен қабылдады. Одан бөлек, мерекелік бағдарлама аясында қалада кәсіпкерлер форумы, футбол матчы және басқа да бірнеше кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыдан екі жыл бұрын Үкімет қаулысымен 10 тамыз Абай күні деп белгіленіп, еліміздің мерекелік күндерінің тізбесіне енген болатын. Семейдегі шаралар ойшылдың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталып, жерлестер форумымен жалғасты. Туған жерінен жырақта жүрген кәсіпкерлер жаңадан құрылған Абай облысын өркендетуге үлес қосуға дайын екендерін жеткізді.

Дулат Тастекеев, кәсіпкер:

– Қазіргі таңда Алматы өңірінде жүрсек те бүгінгі бастаманы құп көріп, кәсіпорындарымызды осы жаққа әкелсек пе деген ойымыз бар. Жаңадан құрылған Ақсуат ауданындағы әуежайды қалпына келтіру ойымызда бар.

Абай облысы әкімінің айтуынша, аймақта шешілмеген мәселе көп. Сондықтан форумда айтылған ұсыныстар жүзеге асса, өңірдің экономикасына тың серпін береді.

Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:

– Әр салада жүрген бизнесмендердің Семейге келгені қуантады. Форумның қорытындысын жақында шығарамыз, жобаларды қарастыратын боламыз.

Абай күні Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұжымының «Ұлы дала – Ұлы Абай» атты үлкен концертімен түйінделді. Семейлік көрермендер Роза Рымбаева бастаған Ерлан Рысқали, Медет Жотабаев, Азамат Жылтыркөзов, Перизат Тұрарова қостаған әншілердің өнерін тамашалады.

Перизат Тұрарова, дәстүрлі әнші:

Ұлттық өнерімізді паш ету үшін үлкен сапарға шықтық. Киелі өлке Семейден бастап аймақтарды аралаймыз. Халық жақсы қабылдайды деп ойлаймыз. Сағынды деп ойлаймыз концерттерді.

Ақтоты Райымқұлова, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры:

Ең алдымен Абай жерінен бастадық. Семей қаласында үлкен концерт қоямыз. Жобаның мақсаты – өнер шығармаларының қолжетімділігін арттыру. Өңірлерге бару. Шағын қалаларға, ауылдарға барып, өнерімізді көрсету.

 «Қазақконцерт» ұжымының гастрольдік сапары Абай ауданы мен Курчатов қаласында, Шығыс Қазақстан облысының ауылдарында жалғасады. «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасы аясында өнерпаздар жаңадан құрылған Ұлытау, Жетісу облыстарында да өнер көрсетеді.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы