Жетісу облысында саябақ ашылып, ескерткіш тақта орнатылды

Биыл Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның дипломатиялық байланыс орнатқанына 30 жыл, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған орай елімізде Корей мәдениетінің күндері өтіп жатыр. Шара аясында Жетісу облысының Қаратал ауданында «Достық» саябағы ашылып, ескерткіш тақта орнатылды. Оған мемлекет басшысыларының Қазақстан мен Корея ынтымақтастығы туралы ойлары жазылған. Салтанатты жиынға Оңтүстік Кореядан 100-ден астам делегат келді. Олар жергілікті диаспора өкілдерінің тұрмыс тіршілігімен танысып, Бастөбедегі «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне тағзым етті.

Айта кетейік, өткен ғасырдың отызыншы жылдары кәріс ұлтының өкілдері елімізге күштеп жер аударылған болатын. Солардың бір бөлігі Үштөбе маңына қоныстандырылған еді. Тарихи орынға 2012 жылы ескерткіш орнатылды. 

Пак Нэчхон, Оңтүстік Корея республикасының Қазақстандағы бас консулы:

– 85 жыл бұрын Қазақстанға кәріс ұлтының өкілдері жер аударылды. Сол кезде қазақ халқы көп көмек көрсетті. Бауырына басып, қамқорлық жасады. Екі мемлекеттің өзара ынтымақтастығы мен қарым-қатынасының негізі сол кезде қаланғандай. Біз алдағы уақытта да әртүрлі салада тәжірбие алмасып, байланысымызды дамыта түсеміз деген ойдамын.