Елордада Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт ашылды

Жаңа мінәжат үйі көлемі жағынан дүние жүзінде ондыққа кіреді.

Ірге тасы 2019 жылдың көктемінде қаланған мешіт араға үш жылдан астам уақыт салып, ел игілігіне берілді. Әлемдік озық тәжірибе мен ұлттық нақыштарды ұштастырған ғимарат құрылысы жеке демеушілер есебінен жүргізілген. 

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Елордада ашылған жаңа мешітте бүгін алғаш рет азан шақырылып, алғаш рет жұма намазы оқылды. Құлшылық үйының жалпы ауданы 68 мың шаршы метр. Оның ішіндегі ерлерге арналған залда бір сәтте 30 адам, әйелдерге арналған залда 5 мың адам сәждеге бас қоя алады. Ал жалпы мешіттің ауласын қоса есептегенде бір сәтте 235 мың адам құлшылық ете алады.

Сәулеті мен салтанаты көз жауын алатын  ғибрат үйі  мен мұндалап тұрған 4 мұнарасымен де мақтана алады. Олардың биіктігі 130 метр. Туристерді тарту мақсатында біреуінің ұшар басына шығып, маңайды биіктен көретіндей мүмкіндік қарастырылған. 

Хасан Аманқұлов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бөлім меңгерушісі:

- Төрт мұнарасы бар. Мұнараның биіктігі 130 метр. Бір мұнара туристік мұнара болып саналады. Сол лифт арқылы жоғарыға көтеріліп, бүкіл осы астананы тамашалауға болады. Бәйтерек 97 метр ғой. Ал енді сонда 130 метр болып отыр. Басқа мешіттерді де зерттеп көрдік әлемде. Дәл мұндай мұнараға шығып, қаланы көретіндей туристік мұнара жасалмаған. Жасалса да дәл мұндай биіктіктен табылмайды.

Джан Өздемір, құрылыс компаниясының жобалау бойынша директоры:

- Орталағы ең үлкен күмдездің диаметрі 62 метр. Ол дүние жүзіндегі ең алып күмбездердің бірі саналады. Негізі бес күмбез бар. Төртеуі кіші, ортадағысы үлкен. Оның биіктігі 83 метрден асады. 

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Мешіт үлкендігімен ғана емес, сәулеті ұлттық нақыштағы өрнектерімен де ерекшеленеді. Мұндағы бағандар, мына кілем барлығы ою-өрнекпен безендірілген. Ал кірген адамның назарын бірден аударатын мына қабырға 25 миллион шағын шыныдан қолмен құрастырылған. Онда Алланың 99 есімі жазылған.

Республикадағы бас мешіттің ашылауы қасиетті жұмаға орайластырылған. Сондықтан алғашқы күннен келушілердің қарасы қалың. Жамағат жаңа мешіт елді ұйыстыратын, ұлтқа рух беретін орталық болатынына сенімді.

БЛИЦ

- Мешітіміз өте әдемі, өте көрнекті болыпты. Осы жерде иманымызды арттырып, Құдай қаласа ұрпақтан ұрпаққа ақыретке дейін тұратын мешіт болсын. Алладан соны тілейміз.

- Өте жаңашылдығымен, өте қазақы ою-өрнектері де басым екен. Кеңдігі, алтын жалатылған. Халықтың көп келіп жатқанын байқап отырсыздар ғой. Өте жақсы.

- Осы мешітімізде өсіп өніген инабатты да ибалы ұрпақтарымыз көп болсын. Бұл мешіттің кілемі, мына аспа шамы әлемде ең  үлкені жеп жатыр. Кілемнің де ең үлкені деп жатыр. Сондай керемет ұнаған жерлері бар.

Мешітте намаз оқитын бөлмелерден бөлек діни қызмет көрсету, конференц зал, телестудия, дүкендер мен мұражай қарасытырлған. Маңында көлік тұрағы мен саябақ бар. Жалпы жер аумағы 10 гектарға орналасқан.

Талғатбек Әбдіқожа