«Хабар» арнасынан «Жеті қазына» бағдарламасы көрерменге жол тартады

«Хабар» арнасында мегажоба. Қыркүйектің төртінен бастап көрермен "Жеті қазына" аталатын жаңа бағдарламаны тамашалай алады. Аты айтып тұрғандай жобада ұлттық өнер дәріптеліп, салт-дәстүріміз салтанат құрмақ. Қалың көпшілік көк жәшік арқылы бір жарым сағат бойы қазақтың құндылығына қанығады. Қазір қызу дайындық. Өңір-өңірден елордаға өнерпаз, сайып қыран спортшылар келіп, өзара сайысқа түсіп жатыр.

Қыркүйек телевизия әлемінде жаңа маусым басталар ай. Жаңа маусымда «Хабар» ұсынатын жаңа дүние көп.

Берік Уәли, "Хабар" Агенттігі" АҚ Басқарма төрағасы, қазылар алқасының төрағасы:

- Хабар агенттігі жаңа маусымға үш телеарнасымен бірдей үлкен жаңа жобалармен келіп жатыр. Оның ішіндегі ең бірегейі осы «Жеті Қазына» мегажобасы. Аты айтып тұрғандай қазақтың жеті қазынасын түгендеу. Негізгі мақсат - ұлттық руханитымызды, ұлттық құндылықты насихаттау. 

«Жеті қазына» 10 аталымнан тұрады. Мега жобаға 17 облыс пен 3 қаланың бәрі қатыспақ. Бір бағдарламада 2 өңір өзара сайысқа түседі. Аймақтың өнерпаздары мен спортшылары ән, жыр-терме, күй, айтыс, күрес, қол күресі, арқан тартыстан бақ сынайды. Жұрт ауылдың алты ауызын да осы «Жеті қазынадан» тамашалайды. 

Қуаныш Сұлтанұлы  "Жеті қазына" мега жобасының жетекшісі, жүргізушісі:

- Ауылдың алты ауызы деген кезінде ата әжелеріміз отыра қалып, жиын тойларда ән салатын еді, біз соны да жаңғыртқымыз келді. Осы мәселе бойынша Хабар агенттігінің басқарма басшылығы қолдап, біздің арнамызда осындай ұлтқа керек, халыққа керек дүние жүру керек деген біздің ұсынымызды қолдағанына алғыс білдіреміз. 

Алуа Естеміс, «Жеті қазына» мега-жобасына қатысушы /Жетісу облысы/:

- Біз жаңадан құрылған Жетісу облысы, Ескелді ауданынан келіп отырмыз. Аяна ансамбліне негізі 15 жылдай болды құрылғанына. Ақбидай биін осы жобаға алып келген себебіміз киелі келсап биі арқылы осы ұмытылып бара жатқан бидай түю дәстүрін халыққа би арқылы жеткізу, көрсету.

Ұмытылып бара жатқан дүниені жаңғыртып, жаңа таланттарды тану. Ауылдағы дарындарды елдің алдына шығару. «Жеті қазынаның» мұраты осы. 

Берік Уәли, "Хабар" Агенттігі" АҚ Басқарма төрағасы, қазылар алқасының төрағасы:

- Бұл жобаның басты ерекшелігі – «Қазақстан барысына», үлкен айтыстарға қатысып жүрген ақындар немесе күрескерлер емес, қарапайым ауылдан шыққан, бұрын көп сахнаға шықпаған адамдар осы сахнаға шығып, өз өнерлерін көрсетеді. Жаңа жылда жеңімпазды анықтаймыз және қорытындысы үлкен гала концерт болады. Күз бойы, қыс бойы өнер көрсеткен азаматтардың үздіктері сол гала концертте өнер көрсетеді.

Жұмабек Рахимов, "Жеті қазына" мега-жобасына қатысушы /СҚО/:

- Жеті қазына деген телешоуға біздің алғыстан басқа айтар жоқ. Себебі осы жарысқа күллі Қазақстанның жер жерінен ауылда көрінбей жатқан таланттарды жарыққа шығару ол біз үшін үлкен, бір мақсат болып жатыр. Сондықтан да көп телеарнаның бетін аша қалсақ көңілге қонбайтын дүниелер көтеріліп жатады. Оның қасында мынау ата бабадан қалған ұлтық өнерді дәріптеп, жүректері мықты, білектері мықты, әнші, биші бәрі, бар. Жақсы іс шара болып жатыр. 

Владимир Чепель, "Жеті қазына" мега-жобасына қатысушы /Жетісу облысы/:

- Мен Жетісу облысы, Ақсу ауданы, Қапалы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманымын. Бүгінгі осы Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан шараға жер жәннәті Жетісу облсынан келіп, жаңадан құрылған Жетісу облысының намысын қорғап, осы жерде арқан тартыспен қол күреске келіп жатырмыз. Бұл үлкен іс шара. Қол күреспен айналысқаныма 2 жылдай болды. Осында мұғалімім да келіп жатыр. Арқан тартыс әлем деңгейінде өтіп жатқан іс шара. Ал, Қазақстан деңгейін де үлкен күрделі жарыстар өтпеген деп ойлаймын.

Жеңімпазды қазылар алқасы анықтайды. Оның құрамында Секен Тұрысбеков, Ақан Әбдуәлиев, Шұғыла Сапарғалиқызы, Клара Төленбаева, Еркебұлан Қайназаров, Садық Мұстафаев сынды қазақтың өнері мен спортының маңдайалды өкілдері бар. Төрағасы Берік Уәли. 

Сонымен қыркүйектің төртінен бастап, әр жексенбі сайын қазақ елі «Хабардан» бір жарым сағат бойы «Жеті қазынамен» сусындайды. Қанат қақты жоба келесі жылдан бастап ауылдық, аудандық, облыстық деңгейде өтіп, іріктеу жүргізілуі мүмкін. Сөйтіп, өңірде көп ішінен қара үзіп, дара шыққандар республикалық телевизиялық жобаға қатыса алады. Бұл дегеніміз «Жеті қазына» - ауыл, аудандағы шын таланттарды танытатын бағдарлама, өңірлерді сахна арқылы біріктіре түсетін алтын көпір болады. 

Қорған Қонысбайұлы, Мұрат Әріпханов, Болотбек Табалдиев