loader


Түркістан облысынан ежелгі ғибадатхана табылды

Археологтар ежелгі ғибадатхананың орнын тапты. Түркістан облысындағы көне нысан екі мың жыл бұрын өмір сүрген Кангюй тайпасына тиесілі болуы мүмкін. Өйткені археологтар дәл осы тайпаның тарихы толық зерттелмегенін айтады. Яғни бұл өңірде әлі талай ашылмаған сыр жатыр.

Археологтар соңғы жылдары Созақ ауданына қарасты Қызылкөл маңында құнды олжаға кенеліп жатыр. Тасын түртсең тарих теберігі  шығатын аймақта бұл жолы көне заманға тиесілі ғибадатхана табылды. Археологиялық жәдігер зерттеушілерді қатты қызықтырып отыр.

Александр Подушкин, ОҚМПУ профессоры:

- Біріншіден, бұл Қазақстан аумағында табылған алғашқы нысан. Күн символикасы мен сәулет өнері Кангюй тайпасына тиесілі ғибадатхана екенін көрсетіп отыр. Дінге қызмет етушілер осында әдейі жолданған болуы мүмкін. 

Ғибадатхана аумағы әлі де зерттеу жұмыстарын талап етеді. Әзірге тек жер бедерінің үстіңгі қабаты ғана ашылды. Белгілі болғандай сәулет өнеріне пайдаланылған құрылыс бөлшектері оңтүстік өлкеге тиесілі емес. Беріктікті қамтамасыз еткен тастар арнайы жеткізілуі мүмкін.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Археологиялық қазбаның нәтижесінде табылған ғибадатхана аумағында мыңдаған керамикалық бөлшектерді көруге болады. Мамандар құмыра сынықтарына үңіліп оның су мен дәнді дақылдарды сақтауға арналғанын  анықтады. Тарихы терең құнды олжаларды іздеу жұмыстары әлі де жалғасатын болады.

Археологиялық аумақта алтын мен күміс металлды балқытуға арналған тигель де табылды. Мамандар жабдықты дін өкілдері қолдануы мүмкін деп топшалап отыр. Ал ғибадатханаға жақын жерде сол заманда жерленген екі адамның қорымы бар. Онда тас пен шыныдан, сүйектен жасалған тарихи маңызға ие жүздеген жәдігер табылды.

Екатерина Кесман, ОҚМПУ студенті:

- Ең бірінші табылған жәдігер қоңырау болды. Оның маңында әйел азаматтың қасын бояуға арналған зат табылды. Кейін моншақтар мен бұйымдардың шоғарын кездестірдік. Адамның бас сүйегі мен жақ сүйегі де табылды. Біз оны қайта жинақтауға тырыстық.

Енді ғибадатхана аумағынан табылған жәдігерлерге орталықта арнайы зерттеу жүргізіледі. Мамандар келесі жылы Қызылкөл маңында қазба ісі қайта жалғасатынын айтады.