Алматыда жас композитор Рахат-Би Әбдісағи жеке концертін қойды 

Алматыда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында танымал жас композитор Рахат-Би Әбдісағиннің «Призраки Бессмертия» деп аталған, симфониялық музыкаға бағытталған авторлық концерті өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Классикалық музыкаға сусындаған қала тұрғындары филармония залын әп-сәтте лық толтырды. Осы концертке арнайы шақырту алған ұлыбританиялық атақты дирижер Клемент Пауэр де кештің ажарын аша түскендей болды. Әлемнің әр бұрышында керемет өнерімен талайға таңдай қақтырған Рахат-Би бұл жолы да тек қана роялда емес, органда ойнап көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Бұл кеште Әбдісағиннің «Өмірге құштарлық», «Мәңгілік елес», «Таңғажайып микробөлшектер әлемі», «Данте шапағаты» секілді шығармалары орындалды. Концерт ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтті.  

Рахат-Би Әбдісағин, композитор, пианист, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты:

– Бұл – менің авторлық концертім. Авторлық концерт бір компазитордың шығармаларынан тұратын концерт. Бүгін менің заманауи академиялық музыка бағытында жазылған алты ауқымды симфониялық шығармам орындалады. Оның бесеуі алматылық премьералар.