Ахмет Байтұрсынұлы туралы қалам тербеген жазушылар не жазды?

Ахмет Байтұрсынұлы өз заманында бүкіл тіл ғылымы институтының жүгін бір өзі арқалаған ірі ғалым-тілші.  Дарынды ақын-аудармашы, білікті әдебиет зерттеушісі болған. Бүгінгі ұрпағы оны «Ұлт ұстазы» және «Ұлттың рухани темірқазығы» деп атайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені еткен еңбегін, көрген бейнетін, төккен терін тарихтан біледі.  Шын мәнінде оның бұл қайраткерлігі сол заманда-ақ мойындалып, жоғары дәріптелген. Сол кезеңде жас жазушы Мұхтар Әуезов, ұлт ұстазының тарихтағы орнына қатысты толғана қалам тербеп, мынадай ой өрбіткен.

 «Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны, «Қырық мысал», «Маса» еңбегі, «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытқанда да, тарих ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бәрі де біледі. Бұның шындығына ешкім дауласпайды».

Мұхтар Әуезов

«Ақ жол», 1923 ж.

Ахмет Байтұрсынұлының атқарған ісіне лайықты баға берген тұлғаның бірі Сәкен Сейфуллин. Ол Ұлт ұстазының ел мүддесі жолындағы қайраткерлігін, тұлғалық қасиетін терең суреттей отырып, газет арқылы баяндайды.

 «А. Байтұрсынұлы оқығандардың арасынан шыққан, өз заманында патша арам қулықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді».

Сәкен Сейфуллин

«Еңбекші қазақ» газеті, 1923 жыл, 19 қаңтар

Ахмет Байтұрсынұлы халықты оятып, санасын сілкінтудің сан алуан жолын іздеген. Ұлт үшін еткен осы еңбегі үшін азап көріп, қамауға түсті. Десе де кіршіксіз көңілге  жағылған қара күйе ұлт көсемінің ұстанымын өзгерте алмады. Ол сонысымен бағалы, сонысымен ардақты.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа