Құтлық Елтеріс қағанның кешені табылды

Қазақ ғалымдары Құтлық Елтеріс қағанның кешені мен жазуын тапты. Бұл Түркі әлемінде соңғы 100 жылда болмаған тарихи жаңалық, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көне жәдігерлер моңғолиялық археологтармен бірлескен қазба жұмыстары кезінде анықталып отыр. Ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесі бүгін орталық коммуникациялар қызметінде таныстырылды. Кешеннен табылған тастағы жазбалар осылай деп басталады. Ғалымдардың айтуынша, бұл тарихи жәдігер нақты Құтлық қағанның тұсында жазылғанын дәлелдейді. Құтлық Елтеріс тарихта тоз-тозы шыққан елді топтастырып қайта дәуірлеткен қаған. Екінші Түрік қағандығының негізін қалаушы. Тұлғаның ескерткішін араға ғасырлар салып өзінің ұрпақтары яғни қазақ ғалымдары тауып отыр.

Дархан Қыдырәлі, Халықаралық түркі академиясының президенті:

– Түркі халықтары деп аталатын халықтың ортақ алғашқы паспортын тауып отырмыз деуге болады. Бұл ғылым әлемінде үлкен жаңалық ретінде қабылданды. Бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасады. Біз бір ғана кешенді ашып отырмыз. Осындай әлі 9 кешен бар. Біраз жылға жететін жұмыстарымыз бар.

Қазба жұмыстары Моңғолиядағы Номғон жазығында жүргізілген. Археологиялық зерттеу кезінде текшетас, малдас құрып отырған қаған, екі күшігі бар арыстан мүсіні мен тасбақа тұғыры табылды. Жазба ескерткіштің екі бетінде 12 жолдан тұратын көне түрік бітік жазуы қашалған. Экспедицияға қатысушы ғалымдар ескерткіш мәтінінен «Тәңір», «түрк», «Құтлық», «түмен» секілді бірқатар сөздерді анықтады.

Нәпіл Базылхан, Халықаралық түркі академиясының ғылыми қызметкері:

Сиыр жылы 9-шы ай үшінші ай деген тағы бар екен. Демек Құтлық қағанның сол кезден есептейтін болсақ 689-ға келеді екен. Құтлық қағанның нағыз империяны біріктіріп көшпелілерді көк тудың астына біріктірген заманға сай келеді. Ал енді Құтлық қаған деп жазу шығып тұр. Айқын жазылып тұр. Әрі қарай сөйлем бітпей тұр ғой..... 

Зерттеу жұмыстарына Моңғолия үкіметі мен жергілікті ғалымдар қолдау көрсеткен. Ортақ жобаның арқасында осы күнге дейін беймәлім фактілер анықталып, түркі әлеміне тың жаңалық енгізілді.

Айта кету керек, кешенді зерттеу 2019 жылы басталған. Ғалымдар Номғон жазығын толық зерттеп шығу үшін кемінде 30 жыл уақыт кетуі мүмкін деп топшылап отыр.