Ұлы Абайдың шығармаларын құрақ көрпе арқылы да насихаттап жүр

Абай облысының Бесқарағай ауылының тұрғыны Жанар Мәлікбаева ақын өлеңдерін жұртшылыққа осындай ерекше формамен ұсынуды құп көрген. Шебер бұған дейін шәкірттерінің көмегімен «Жыл мезгілдері» тақырыбында 8 картина тоқып шығыпты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әр картинаға бірнеше материалдың қиықтарын пайдаланады. Ол құрақ көрпе тігуді әжесінен үйренгенін, идеяны көркем әдебиеттерден алатынын айтады. Суретші 13 жылдан бері балаларға қолөнердің қыр-сырын үйретіп жүр. Шебер әр халықтың ұлттық киімдегі қуыршақтарын тоқумен де шұғылданады. Бұл жұмысы көрмелерге ұсынылып, сыншылар тарапынан жоғары баға алған. 

Жанар Мәлікбаева, Бесқарағай ауылының тұрғыны:

- Менің мақсатым – қолымнан шыққан әр туындым адамдарға ерекше әсер сыйласа деймін. Олар бір сәт бәрін ұмытып, өзге әлемге бойласа, тек жақсы дүние туралы ойласа. Мен жұмысымды саудаға салмаймын. Өйткені, шығармашылық ақшамен бағаланбайды.