Оркестрлер фестивалінде қазақтың халық әндері заманауи нақышта орындалды

Алматыда дәстүрге айналған оркестрлер фестивалі өтіп жатыр. Фестивальдің бірінші күнінде «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен Абай атындағы Мемлекеттік симфониялық оркестр қазақтың халық әндерін сүйемелдеп, симфония мен электрондық музыканы әдемі үйлестіре білді.

Шоқан Уәлиханов атындағы гүлзар әсем әуенмен тербелді. Ашық аспан астындағы концерт «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің «Аспаптар шеруі» композициясымен басталды. Тыңдарман 20-ға жуық ұлттық аспапта орындалған попурриді тыңдады. Биылғы фестивальдің басты ерекшелегі дәстүрлі аспаптар мен электронды музыканың үйлесім табуында болды.

Бағдат Тілегенов, "Сазген сазы" фольклорлық-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі:

- Концерттің репертуары өте бай, ауқымды. Биыл өзінің ерекшелігі тағы да дижейді қосып отыр осы екі коллективке, диджеймен бірге қазақтың әндері, шығармалары, Құрманғазының күйлері, оның ішінде Сарыарқа күйі, Дәулеткерейдің күйі... Шетелдік те классикалық музыка да орындалады, заманауи музыка да орындалады.

Фестивальде Мемлекеттік симфониялық оркестр де өнер көрсетті. Ашық аспан астындағы концертке көрермен көп жиналды. «Құлақ құрышын қандырған концерттің арқасында күнделікті қауырт тірлікті бір сәт болса да ұмытып, жақсылап демалып қалдық», - дейді тыңдармандар.

БЛИЦ: 

- Халық көп жиналып және өзге ұлттың өңілдерін көріп тұрмын. Қуантарлық жәйт деп ойлаймын. Біздің халық музыкасын, біздің этнографиялық өнеріміздің бағаланып жатқан белгісі деп танимын. 

- Біз тек қана диджейді немесе қазақша аспаптарды ғана көретін болатынбыз негізі. Бірақ екеуінің қосындысы өте керемет болды деген ойдамын.

Оркестрлер фестивалі бүгін кешке де жалғасады. Қорытынды концертте рок жанрының өкілдері өнер көрсетеді. Нақтырақ айтсақ, Үркер, Алдаспан және басқа да топтар отандық және әлемдік хиттарды орындайды.

Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев