Сақ дәуіріндегі адамның қаңқасы табылды

Осакаров ауданынан 20 шақырымдай қашықтықтағы бұл жерді облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары зерттеп жатқанына 1 аптаға жуық уақыт болған. Ұшқан құстың қанаты талатын кең даладан дәл осы жердің таңдалып алуы бекер емес.

Археологтардың пікірінше бұл жер бірнеше өзеннің тоғысқан жері. Сондықтан мал жайып, қоныстануға шұрайлы жер болған. Мына төбе болса тас белгілерге қарағанда сол кезде діни рәсімдерді жүргізетін жер болғанға ұқсайды. Ал, мына қазбаға келетін болсақ, архологтар тапқан мына дөңгелек қола айна. Дөңгелек болғаны ол күнді бейнелеген. Әзірге белгілісі 10 процент ғана. Мамандар қосымша ақпараттар сараптамалардан кейін анықталады дейді.

Мәтін: Соңғы 10 жылда археологтар Арқаның біршама жерін зерттеген. Бірақ Осакаров ауданында табылған бұл алғашқы құнды жәдігер. Мүрде шамамен 17-20 жастағы қыздікі болса керек.

Дәурен Жүсіпов, облыстық Тарихи-өлкетану музейінің бөлім басшысы:

- Мүрденің жүзі батысқа қаратып жерленген. Қазір дала жұмыстарының жағдайында қасында табылған айнасы Сарматтарға да сай келеді деп айтуға болады. Бірақ Сарматтар орталықҚазақстан жерін мекендемеген. Сондықтан бұл б.д.д 7-5 ғасырға тән деп айтуға негіз бар. Демек Сақ дәуірі екені даусыз.

Қаңқаның анатомиялық бүтіндігі де ғалымдардың таңданысын тудырып отыр. Себебі әдетте мұндай қазбалар тоналған болып шығатын. Салдарынан археологтар қаңқа қалдығын жинап алатын. Енді сараптама жүргізіліп, тіпті қыздың бет жүзін қалыпқа келтіру де мүмкін болады. 

Түлкібай Төлеуов, облыстық Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының басшысы:

- Сақ дәуірінің қорғаны мен Түркі дәуірінің қорғаны қатар жатқаны бұл ұрпақ сабақтастығы дейді ғой, біріне-бірі жалғасып келе жатқан қазақтың тарихы. Соны дәлелдеп отырған нәрсе. Бірақ ол бірінші далалық визуалды тұжырымдар. Қалғанын толық зерттеп, басқа қорғандармен салыстырған соң нақты тұжырымы шығады.

Атап өткен жөн, тарихи-мәдени мұраны қорғауға облыс бойынша үш жылдық бағдарлама бар. Аталған жәдігер соның нәтижесі. Алдағы уақытта облыстың өзге де жерлері зерттеледі.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар

 

 

Сондай-ақ...