Қаллеки театрының жаңа маусымы «Абай» қойылымымен ашылады

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры 21 қыркүйек күні сағат 19.00-де XXXII жаңа маусымын дәстүр бойынша М.Әуезовтің «Абай» қойылымымен ашады, деп хабарлайды «Хабар 24» театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қаллеки театрының әр жаңа маусымы «Абай» қойылымымен ашылады. Бұл дәстүрге биыл 13 жыл. Оған бірден-бір себеп, өнер ұжымы есімін еншілеген театр өнерінің корифейі Қалибек Қуанышбаев сомдаған шоқтығы биік рөл – дәл осы Абай рөлі. Замандастары Қаллеки атап кеткен әйгілі әртістің осы рөлін туынды авторы, жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі жоғары бағалаған. Сондықтан, қойылымды сахналау қаллекиліктерге зор жауапкершілік жүктейді», - делінген баспасөз мәлімдемесінде.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Әлімбек Оразбеков сахналаған «Абай» трагедиясында қос Абайдың бейнесі көрсетіледі. Аға Абай бейнесін – Қазақстанның Халық артисі Тілектес Мейрамов, Абай рөлін – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл сомдайды. Қойылымға жалпы 65 актер қатысады. Қоюшы суретші – Қанат Мақсұтов. Хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев.

Сонымен қатар қыркүйек айында елорданың тыныс-тіршілігіне арналған «01» комедиясының премьерасы ұсынылмақ. Жаңа қойылымды сахналау үшін актриса, режиссер, Алматы қаласындағы АРТиШОК тәуелсіз тәжірибелік театрын құрушылардың бірі әрі көркемдік жетекшісі Галина Пьянова шақырылған. Ал, қазанда Қ. Жетпісбаевтың «Бала мерген» ертегісінің премьерасы өтеді.

29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Қаллеки театры Абай облысының орталығы Семей қаласында гастрольдік сапармен болады.

18-23 қазан аралығында театрда көрнекті театр және кино актрисасы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО және ҚазақКСР халық әртісі Шолпан Исабекқызы Жандарбекованың 100 жылдығына арналған XXVIIІ республикалық театр фестивалі өтеді. Фестиваль аясында Қазақстанның Халық артисі Қадыр Жетпісбаевтың 80 жылдығына арналған іс-шаралар да жоспарланған. Өнер ұжымы фестивальде Х. Алтай, Х. Оралтайдың «Алтайдан ауған ел» (реж: Ф. Молдағали) қойылымын ұсынады.

Театр репертуарындағы әйгілі режиссер, Халық Қаһарманы Ә. Мәмбетов сахналаған «Ғасырдан да ұзақ күн» (2003 ж.) драмасы қазан айында Ә. Мәмбетовтың 90 жылдығына арналған «TEATRALL» ІІ халықаралық театр фестивалі аясында арнайы көрсетіліп, фестиваль шымылдығын түреді. Бұл – Ә. Мәмбетовтың елімізде осы күнге дейін сахналанып, сақталып келе жатқан жалғыз қойылымы. Ал фестиваль сарапшыларының назарына биыл сахналанған Ғ. Мүсіреповтің «Баян Сұлу - Қозы Көрпеш» (реж: Г. Балпейісова) музыкалық драмасы ұсынылады.

Сонымен қатар шығармашылық ұжым М. Сервантестің «Дон Кихот» қойылымымен (реж: Ә. Өмірбекұлы) Алматы қаласында өтетін XVII Орталық Азия театр фестиваліне қатысады.