Ақтауда «ABISH ALEMI» театр фестивалі басталды

Ақтауда ІІ Халықаралық «ABISH ALEMI» театр фестивалі басталды. Оған Қазақстанмен қатар, Башқұртстан, Қырғызстан, Грузия елдерінен келген өнер ұжымдары қатысады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сахналанған үздік туындыларды театр әлеміне танымал қазылар алқасы саралап, бағасын береді. Фестиваль 23 қыркүйекке дейін жалғаспақ.

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

Бүгін қарт Каспийдің жағалауындағы амфитеатрда шараның ашылуы салтанатты түрде өтіп жатыр. Енді 3 күн бойы Маңғыстау жұрты үздік театр қойылымдарын тамашалайтын болады. Фестивальде 10 туынды сахналанбақ. Оның ішінде Әбіш Кекілбайұлының «Күй» және танымал «Ромео мен Джульетта» шығармалары бар.

Айта кетейік, фестивальдің ашылу салтанатына елімізге танымал әртістер Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Меруерт Өтекешова, Лидия Каденова, Самал Еслямова және т.б құрметті қонақтар қатысып жатыр. Шара мәдениет басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған.

Пәния Сармурзина, Маңғыстау облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

– Айта кетейік, сахналанған үздік туындыға арнайы сыйлықтар қарастырылған. Шара 23 қыркүйекке дейін жалғасады. Ақтаудағы Н. Жантөрин атындағы музыкалық драма театрына қала тұрғындары келіп, спектакльдерді тегін тамашалай алады.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев