Димаш Құдайбергеннің концерті көрермендерінің көптігімен рекорд орнатуы мүмкін

Танымал әншінің Алматының орталық стадионында өтетін жеке ән кешіне арналған билеттердің 90% сатылып кеткен6 деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті өнер иесінің шет елдік тыңдармандары да алыстан ат арылтып Алматыға келіп жатыр. Кейбір қонақ үйлерде бос орын қалмапты.

Әнші Димаш Құдайбергеннің концертін асыға күтіп жүргендер көп. Қазірдің өзінде 21 мыңнан астам билет сатылып кеткен. Бұл – жалпы билет санының 90%. Ол тек концерт өтетін Орталық стадиондағы негізгі орын ғана. Одан бөлек фанаттар аймағында, яғни сахна алдында тағы 10 мыңға жуық көрермен концертті тамашалай алады.

Виктория Торгунакова, онлайн билет сататын компанияның бас директоры:

- Билеттің бағасы 8-10 мың теңгеден басталып, сахнаға жақын орындардың құны 40 мың теңгеге дейін жетті. Қазір фанаймақта 10 мың теңгелік және қымбат орындардың билеттері ғана бар. Билет сатылымға шыққан күннен бері сатып алушылардың саны артып жатыр.  

Әлемге танымал өнер иесінің шет елдік жанкүйерлері де аз емес. Сатылған билеттердің 5 мыңға жуығын өзге елдің тыңдармандары иеленген. Нақтырақ айтсақ, Щвейцария, Франция, Украина, Қытай, Катар, АҚШ, Бразилия және Аргентина сынды жалпы саны 50 елдің азаматтары концертке билет алыпты. Тіпті бірақтар қонақ үйлерде қазірдің өзінде бос орын қалмаған.

Бауыржан Пазылхайыр, қалалық Туристік ақпараттық орталық директорының орынбасары:

- Ағымдағы жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша Алматы қаласындағы қонақ үйлердің толуы 38,4% құрады. Ол өткен жылдың сәйкес уақытымен салыстырғанда 13,7% өсті. Ал кейбір күндері белгілі бір іс-шара осындай Димаш Құдайбергеннің концерттеріне байланысты қонақ үйлердің толуы 80% дейін жетеді.

Әншінің концертіне арналған билеттер 14 шілдеден бастап саудаға шығарылған. Алғашқы екі тәулікте 10 мыңнан аса билет сатылыпты. Димаш Құдайбергеннің жеке концерті 23 қыркүйек күні кешкі сағат сегізде Орталық стандионда өтеді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев