Германияда «Паралимпиадашы» фильмінің тұсаукесері өтті

Берлинде өтіп жатқан қазақстандық кино күндерінің аясында «Паралимпиадашы» фильмі көрсетілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Режиссёр Алдияр Байрақымов түсірген картинаның тұсаукесерін Қазақстан елшілігі Германия сыртқы істер министрлігімен және «Kazakh Cinema» ұлттық киноны қолдау жөніндегі мемлекеттік орталықпен бірлесіп ұйымдастырды. Қазақстандық режиссердің «Паралимпиадашы» кинокартинасы Еуропада алғаш рет көрсетілді. Тұсаукесері Берлиндегі ең танымал кинотеатрлардың бірінде өтті. Туындының арқауы спорт шыңына жетуге тырысқан шаңғышының хикаясына негізделген. Алайда сұмдық апатта аяғынан айрылады.Терең күйзеліске ұшыраған жігіттің өмірі паралимпиадашылармен кездескеннен кейін күрт өзгереді.

Маттиас Фоллерт, ГФР СІМ Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия департаментінің басшысы:

Фильм маған әсер етті. Өте ұнады. Бұл алдына өр мақсат қойған жігіт туралы қайғылы әрі әдемі хикая. Алайда бір сәтте бәрі өзгеріп, оның өмірінде қара кезең басталды. Жаңа достары оған көмекке келіп, ол өз мақсатына жете бастайды. 

 

Марие-Кристине Кноп, көрермен:

Фильмге тәнті болдым. Авторлар шиеленіскен хикаяны жан толғаныстарымен үйлестіріп, біз кейіпкерлермен бірге уайымдап отырдық. Олармен бірге бірде қуанып, бірде мұңайып отырдық. Мансап, отбасы, достық. Мұның бәрі бар. Кино маған қатты әсер етті.

Дінмұхамед, студент:

Фильмді кеше көріп, бүгін қайта келдім. Өйткені Берлинде қазақ фильмін көру мүмкіндігі жиі болмайды. Биіктен құласаң да, қайта көтерілуге болады, тіпті бұрынғыдан да жақсы күйге жетуге болады. Тап осы фильмде көрсетілді, алдымен ол жасөспірімдер арасында спортпен айналысып, кейін чемпион болды.

Берлинде «Паралимпиадашыны» екі күн бойы көрсетілді. Тұсаукесеріне Бундестаг депутаттары, Германия сыртқы істер министрлігінің өкілдері және осы елде тұрып жатқан отандастарымыз келді. Көрсетілімнен кейін фильм авторларымен кездесу өтті.

Алдияр Байрақымов, «Паралимпиадашы» фильмінің режиссёрі:

– 2018 жылы Пчёнчханда паралимпиадада алтын жүлде ұтқан отандасымыз Александра Колядинмен болған шынайы оқиғадан шабыт алдым. Біз адамдарды ынталандыратын кино түсіргіміз келді. Көргеннен кейін ізгі істер жасауға ниеті болсын деп. Щучиснкте түсіргенде қатты аяз тұрып, күшті желден декорацияларымыз ұшып кеткен. Асқар Ілиясов жұқа жейдемен тұрған. Ол спортшының тек шаңғы тебуіне ғана арналған. Ал біз ұзақ уақыт көп дубль түсірдік ғой. Бәріміз оны жылытып отырдық. Оған қоса актерлеріміздің көбісі шаңғы тебе алмайтын. Олимпиада чемпионымыз Елена Хрусталёва бір айда бәрін үйретті. 

Берлинге дейін «Паралимпиада» фильмі Ташкент кинофестивалінде көрсетілген еді. Енді алдағы уақытта Франция мен АҚШ экрандарына шығару жоспарланып отыр.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский