Түркияда қазақша мультфильм көрсетілді

Балалардың тілі ортақ. Бұған Анкарадағы қазақша көрсетілген мультфильм дәлел. Ана тілімізде көрселтілген туындыны түрік және өзге ұлттың, балғындары түсініп қана қоймай, керемет әсер алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық барлық салада нығайып келеді. Әсіресе мәдени-гуманитарлық қарым- қатынас жоғарғы деңгейде. Дегенмен балалар шығармашылығына қатысты жұмыстар одан әрі дамытуды қажет етеді. Осы орайда, Анкарада «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» анимациялық қазақ мультфильмінің премьерасы өтті. Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен түркі тарихы және мәдениеті қорының ұйымдастырған шарасы балалар жылына орайластырылған.

Өмер Низаметтин Айкурт, түркі тарихы және мәдениеті қоры басшысы:

– Қазақ мультфильмін көрсетудегі мақсатымыз – түркі мәдениетіне айырықша көзқарас қалыптастыру. Бұған дейін конференциялар мен концерттер және басқа да шаралар ұйымдастырылып келді. Алайда қазақша мультфильм тұңғыш рет көрсетіліп отыр. Бала біздің болашағымыз. Сондықтан оларды ортақ мәдениетке баулу біздің міндетіміз. Бұл осындай шаралар арқылы жүзеге асады.

«Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» авторлары Үміт және Маржан Жұбанышева. Анасы мен қызы туындыны 4,5 жыл бойы еңбектеніп, жарыққа шығарған. Қаражатты ұлы Мағжан тауып берсе, режиссері болып қызы Маржан еңбектенген. Ал балғындарды қиял дүниесіне жетелейтін анимацияның авторы Арыстанбек Қасенов. Туындыда тоғыз апа-сіңлісі бар Тынжының шаңырақ иесін іздеуі суреттелген.

Үміт Жұбанышева, анимациялық қазақ мультфильмінің авторы:

– Мен Қазақфильмде 40 жыл жұмыс істедім. Бұл енді 15-16 жыл бұрын ойыма келген. Енді өзім көзіммен көрген дүние-тұғын. Осындай туындыны экранға шығарсам деп. Біздің үйде өңшең қыз бала. Әкем өңкей айтатын, шаңырақтың иесі жоқ. Мына дүние кімге қалады, менің өмірім осымен бітеді деп. Осыны кішкентайымнан есітіп, қатты қиналатынмын. Әкемді жақсы көремін керемет. Сол бір жақсылық жасағым келіп, сол шаңырақтың иесі деген затты әкеліп, әкемді қуантсам деп ойлайтынмын.

Токиодағы халықаралық фестивальде «Үздік анимация» номинациясын иеленген туындыға Түркиядағы көрермен де жоғары баға берді. Қазақ тілінде балаларға арналған базарлықты түрік балғындары субтитрды оқымай-ақ түсінгенін айтады. 

Түсіндім. Бірақ тілі басқа, әрине. Мен тек түрік тілін ғана білемін. Бірақ қазақша мультфильмді де түсіндім.

Қазақ тілінде көрсетілді. Қатты ұнады. Менімен әпкем жайлы айтылған

Өте әдемі мультфильм. Жартысын түсіндім. Жартысын әкем субтитрдан оқып берді.

Ұйымдастырушылар балалар шығармашылығына арналған кешті Анталия мен Ыстамбұл қалаларында да жалғастыруға ниетті. Себебі онда түрік көрерменімен қатар қазақстандық балалар да баршылық.