Алматы музейінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы көрме ашылды

Зорлық-зомбылықпен күресуді мақсат тұтқан «Есіктің арғы жағында» атты заманауи өнер көрмесі ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арт-жоба отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған бес адамның шынайы оқиғасын баяндайды. Дарынды авторлар кейіпкерлердің өмірін картиналар, коллаждар, бейне-арт пен театрландырылған қойылым арқылы көрсетті. Өнер – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы. Қоғамдағы өткір проблема CITIX компаниясы мен Binance NFT халықаралық сауда платформасы ұсынған арт-жобада көрініс тапты. Келушілер әртүрлі жанрларда жұмыс істейтін шығармашылық өкілдерінің картиналарын, спектакль мен паблик-артты тамашалады.

Ольга Веселова, «Есіктің арғы жағында» көрмесінің үйлестірушісі:

– Жоба аясында кездесулер, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа арналған фильмдердің таныстырылымы болады. Сондай-ақ өзін-өзі қорғау бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Психологтар мамандар арнайы дәріс оқиды. Мұндай күрделі тақырыптарды өнер арқылы жеткізу жайында ой бөлісеміз.

Жоба бес қазақ әйелінің өміріндегі шынайы оқиғаларға негізделген. Олардың бастан өткерген қиындықтары өнер туындысында бейнеленген. Жобаның мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі туралы көбірек айту, көрермендерді жанашырлыққа шақыру, өнер арқылы өскелең ұрпақтың назарын аудару.

Яна Шойбекова, CITIX компаниясының бас директоры:

– Жалпы осы жобаны өткір проблеманы жас ұрпаққа жеткізу үшін ұйымдастырдық. Өйткені, олардың санасына әсер етуіміз керек. Жастар біздің болашағымыз. Олар өз құқықтарын қорғап қана қоймай, өз болашағын дұрыс құра білуі керек.

Көрмеге қатысқан қазақстандық суретшілердің жұмыстары цифрландырылып, Binance нарығында NFT эксклюзивті коллекциясы ретінде сатылымға шығарылды. Көрмеден түскен қаражат Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсетуге бағытталады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон