Алматыда Димаштың жеке концерті өтті

Алматы аспанында Димаштың әні қалықтады. Бүгін мегополистің Орталық стадионында Димаш Құдайбергеннің Stranger атты жеке концерті өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оны тамашалу үшін әлемнің 70-ке тарта елінен Димаштың жанкүйерлері Қазақстанға арнайы келді. Өнерсүйер қауымның осы кешті көптен күтті. Оны тез арада билеттің сатылып кеткенінен-ақ байқауға болады.  Айта кетейік, Димаштың концертіне билет шілденің 14-нен бастап, сатылымға шықты. Алғашқы аптаның өзінде оның 80 проценті өтіп кеткен. Орталық стадиондағы орын саны 20 мың адамға лайықталған. Оған қоса, сұранысқа орай, фан-аймаққа  тағы билет сатылыпты. Сөйтіп концертке келгендердің саны 35 мыңға жуықтады.   Ал концерттті тамашалауға жанкүйерлер Алматыға бірнеше күн бұрын арнайы келді. Қаладағы қонақүйлер Димаштың жанкүйерлеріне лық толды. Бұл ару қала Алматыдағы Димаштың алғашқы концерті.  Шараны ұйымдастыруға 200 ден астам маман мен 400 ге жуық волонтер жұмылдырылды. Димаш бұл концертте 31 композиция орындады.

Ли Чжоан, Димаштың жанкүйері, /Сингапур/:

– Біз Димаштың шығармашылығын үзбей қадағалап келеміз. Бұл жолы концертін жібермедік. Бұл пандемиядан соң біз үшін баға жетпес сыйлық болды. Сіздер өте бақытты жансыздар. Себебі Димаштай талантты ұлдарыңыз бар. Бізге Алматыда қатты ұнады. Халқы өте қонақжай екен. Табиғаттарыңыз тіптен тамаша.   

Сергей Степанов, Димаштың жанкүйері, /Ресей/

Көңіл-күйім керемет. Мен соңғы 4-5 жылда Димаштың концертіне әлемнің қай түкірінде өтсе де барып жүрмін. Конертке ертерек келдім. Мен ғана емес осы жерге келген барлық халықтың көңіл күйі жоғары. Димаштың жанды дауыстағы әнін тыңдау үлкен бақыт. Ол тек адамдарға қуаныш сыйлайды.

Одан бөлек Stranger шоуы аясында жаңа әндердің тұсауы кесілді. Оның қатарында Димаштың «Бір аспанның хикаясы» атты испан тілінде жазылған шығармасы да бар. Жаңа әнді ол латынамерикандық жанкүйерлерінің өтінішімен жазған. Осы концертте Димаш алғаш рет інісі Әбілмансұрдың сөзіне жазылған туындыны шырқады. Бұл кеште Әбілмансұрдың өзі де өнер көрсетті. Концертке үлкен халықаралық бишілер ұжымы, сондай-ақ Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі мен «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, Димаштың концерті кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге екі жарым мыңнан аса адам тәртіп сақшылары жұмылдырылды.