Абай облысында М.Әуезовтің 125 жылдығы үш күн бойы атап өтіледі

Абай облысында Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы 3 күн бойы атап өтіледі. Жазушының туған ауылында, ескерткіш орнатылып, жергілікті музей жаңартылды. БөРілі елдімекенінде, спорттық жарыстар, айтыс пен мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Манатай Балтақайұлының әкесі Мұхтар Әуезовтің жақын досы болған. Ол жазушыға Абай романына қажетті мәліметтерді жинақтауға көмектескен. Драматургтың арқасында мен де адам болдым,- дейді Манатай Балтақайұлы.  

Манатай Балтақайұлы, Қарауыл ауылының тұрғыны:

- 1945 жылы Абайдың 100 жылдығына келгенде мынау орысша оқысын қалада, қаланың тәртібін көрсін деп, мені сол қоса алып кетіпті. Әкелік мейірімін көрдім, өте балажан. Қалай тұру, қалай киіну, осының бәрін, жүріп тұруды үйреткен.

Жазушының мерейтойы қарсаңында оның туған ауылы Бөрілідегі музейге жаңа экспонаттар жеткізілді. Жергілікті жолдар жөнделіп, көшелерге жарық орнатылды. Мұхтар Әуезовтің ескерткіші де жаңартылды. Енді ауылға келетін туристер саны көбейетін болды, дейді жергілікті билік.

Нұржан Әбдікәрімов, Абай ауданының әкімі:

- Мұхтар Омарханұлы "Абай жолы" арқылы қазақты бүкіл әлемге танытты десек артық емес. Сол арқылы Мұхтар Омарханұлын дүние жүзі білетін болды. 60-тай тілде Абай жолы аударылды. Бүгінде Абай бір рудың ғана емес, бір елдің емес, адамзаттың абайы болып есептеледі. Биыл аудан бойынша М. Әуезовтің ескерткішін жөндедік. Қарауылдағы бюстті қалпына келтірдік.

Салтанатты шараға елге белгілі тұлғалар қатысты. Арасында шетелдік меймандарда бар. Қонақтар Жидебайдағы Абай мен Шәкәрімнің кесенелеріне барып, тағзым етті.

Отантай  Кәрібжанов, ҚР Журналистер одағының мүшесі:

- Мұхаңның артына қалдырған өлмес туындысы Абай жолын келешек жастарға берген мәні, ондағы Абайдың жер жүзіне танылуы осы Мұхтар ағамыздың еңбегі.

Шағжан Исабаев, М.Әуезов атындағы музей үйінің директоры:

- Әуезов тойы халықты кемелге жеткізетін үлкен той болуы керек. Насихатталу керек білім-ілімі. Енді мән-мағынасы жастарға үлкен руханият, Абай жолын білесіздер, қазақтың салт-дәстүрін, Мұхтар Абайдан бөлек қарауға болмайды. 

Қарауылда демеушілердің қолдауымен ұлы Абайдың да мүсіні орнатылды. Маңындағы саябақта 125 ағаш отырғызылды. Шара аясында түрлі спорттық жарыстар өтті. 

Театр әртістері Мұхтар Әуезовтің өмір жолына арналған қойылым ұйымдастарды. Қонақтар ашық аспан астында өткен гала-концертті тамашалады. 

Дариға Ташенова, Асем Утешева, Медет Омирханов