Роза Бағланованың 100 жылдығына орай Сыр елінде мәдени турне басталды

«Айналайын, халқымнан еркелеткен». Дәл осылай ұлтына еркелеп өткен КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Роза Бағланованың 100 жылдығына орай Сыр елінде мәдени турне басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халық қаһарманының ғасырлық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде кеңінен атап өтіліп жатыр. Ауқымды бағдарлама аясында екі күн бұрын облыс орталығында концерт берген ұжым бүгін Роза Тәжібайқызының кіндік қаны тамған Қазалы ауданын ән-жырға бөлейді.

Қамбар Бекенов, тілші:

-Қайырлы кеш! Сырбойылықтар «Желсіз түнде жарық ай», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Қиыстырып мақтайсыз» секілді қазақ музыка мәдениетінің алтын қорына енген туындыларды қосыла шырқайды екен. Оны Қызылорда қаласында өткен концертте байқадық. Ал енді ән падишасының дүние дидарын ашқан Қазалыдағы кеш тіпті әсерлі болатын секілді. Аудан орталығы Әйтеке би кентіне 500-дей өнерпаз жиналып, жанды дауыста шырқамақ. Концерттік бағдарлама жөнінде толығырақ ұйымдастырушылардан сұрап білсек.

 

Халық әртісінің құрметіне орай таң сәріден марафон өткізілді. 200-ге тарта өнерпаз бен жастардан құралған топ бас қақпадан орталық алаңға дейін 9 шақырым жүгіріп келді. Қазалылық тұрғындар жастар үйінің ашылуына куә болды. Одан кейін қолына гүл шоқтарын ұстаған жұрт Роза Бағланованың бюстіне қарай ағылды. Күміс көмей әншінің рухына тағзым етіп, естеліктер айтылған шара «Ән әлемінің падишасы» атты танымдық конференцияға ұласты. Филармониялық ансамбль қатарында ІІ дүниежүзілік соғыс жылдары майдан даласында өнер көрсетіп, 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі Жеңіс концертіне қатысқан Халық қаһарманының ержүректігі ерекше айтылды. Сұрапыл соғыстан кейін қазақ опера және балет театрында, филармонияда, 1960 жылдан бері Қазақконцерттің құрамында ұлттық өнерді дамытуға қосқан зор үлесі де оның тау тұлғасын биіктете түседі. Бүкілодақтық эстрада байқауы және дүнижүзілік жастар мен студенттердің өнер фестивалінде жүлдегер атанып, қазақи тұнық үнді әлемге паш еткен Роза Тәжібайқызы сыршыл жүрегі тоқтаған 89 жасына дейін ән айтып өтті. Осы өнерге деген махаббат «Шығыстың бұлбұлы» атты ақындар айтысының басты арқауы болды.

Қамбар Бекенов, тілші:

- Дәл қазір концерт басталады. Халық көп келіп жатыр. "Қазақконцерт" ұйымы Қазалыдан кейін Арал мен Қармақшы аудандары және Байқоңыр қаласында өнер көрсетеді. Әзірге айтарым осы.