А.Байтұрсынұлының еңбектері әлемге танылған – ЮНЕСКО өкілі

ЮНЕСКО-ның бас пәтерінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы атап өтілді. Бұл дата мекеменің айтулы даталар күнтізбесіне енгізілді.

Сөйтіп, Алаш Орда өкіметінің мүшесі, Қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін қалаған, ұлы реформаторды қазақ қана емес, әлем ұлықтап жатыр. 

Алаш қозғалысының рухани көсемі. Қазақ тілі білімінің негізін қалаушы лингвист. Аудармашы. Ақын. Редактор. Ахмет Байтұрсынұлы бүгінде тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлем тарихында орнын ойып тұрып алған тұлға саналады.

Синь Цюй, ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары:

- Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілі мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалардың бірі. Оның еңбектері бүгінде бүкіл әлемге танылған.

Әлемде Алаш қозғалысының кезеңін қазақтың Ренессанс дәуірі деп атап жатады. Сөйтіп қозғалыстың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлын Қайта өркендеу заманының маңызды тұлғаларының бірі Леонардо да Винчимен жиі салыстырады.

Анар Фазылжан, А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры:

- Байтұрсынұлының әліпбиінің арқасында қазақ балалары қысқа уақыт ішінде оқу мен жазуды үйренді. Өздеріңіз ойлап көріңіңіздерші, ол кезде не интернет жоқ, не технологиялар дамымаған. Соған қарамастан Ахмет Байтұрсынұлы халықтың сауаттылық деңгейін көтеруге өлшеусіз үлес қоса алды. 

150 жылдығын ЮНЕСКО ауқымында атап өту бүкіл түркі әлемі үшін маңызды оқиғалардың бірі саналады. Ұлт ұстазы еңбектерінің жинағының тұсаукесері түріктанушылар үшін жақсы жаңалық болды.

Хулия Касапоглы Ченгель, Анкарадағы қажы Байрам университетінің профессоры:  

- Алаш көсемдерінің еңбектері түркі тілдерінің барлығына, ағылшын және француз тілдеріне аударылуға тиіс. Бұл түркі халықтарының міндеті десем де болады. Мағжан Жұмабаев "Мен жастарға сенемін" демекші, түркі әлемнің жастарына Алаш көсемдерінің еңбектерін мейлінше көбірек таныстыра беру керек. 

Қанша жыл өтсе де Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері өз өзектілігін жоғалтқан емес. Ол мәдениеті мығым халықтардың болашағы зор екенін айтып, ұлттық құндылықтарды барынша насихаттай алған қайраткер.

Алия Сыздыкова, Руслан Омиржан