«Cover Show» бағдарламасының жалғасы түсіріліп жатыр

«Хабар» арнасының басты жобаларының бірі «Cover Show» жалғасуда. Музыкалық шоу бағдарламаның басты мақсаты – орта буын өнер иелері мен жас әншілердің  композиция алмасуы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жастар аға буын сүйіп тыңдаған бұрынғы әндерді жаңаша интерпретацияда орындаса, өнерде талай жылдан бері жүрген әншілер жастардың әндерін жанды дауыста айтады. Осылайша заманауи шоу арқылы ұрпақтар сабақтастығы қалыптасатынын айтты жоба жетекшілері. Әр бағдарлама сайын 4 өнер иесі екі әннен орындайды. Жалпы шоудың бұл маусымында 64 әнші сахнаға шығады. Олардың арасында Назима, Нұрболат Абдуллин, Калифорния және басқа да әншілер бар. 

Айгүл Ақсамбиева, «Cover Show» бағдарламасының продюсері:

– Сіз көңіліңізде тұрған кез келген әнді айта аласыз. Сондықтан әншілерге, әрине бұл өте қызық және өте ыңғайлы. Жақында ғана Ақжол ағамыз «Ауырмайды жүрек» деген әнді айтты. Былай қылып орындаған дұрыс-ау деген өзінің ойы болған және ол ойды осы біздің сахнамызда іске асырды.