Оралда Е.Хасанғалиевтің әндерін орындаушылардың халықаралық фестивалі мәресіне жетті

Оралда ҚР Халық артисі, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің әндерін орындаушылардың ХІІ халықаралық фестивалі мәресіне жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі кезеңнен тұрған дәстүрлі ән байқауына еліміз бен шет мемлекеттерден 20 шақты үміткер қатысып, бақ сынады. Олардың қатарында Өзбекстан, Қытай және Ресей елінен келген өнерпаздар бар. «Атамекен» өнер ордасында болған гала-концертте үздіктер марапатталды. Бірінші, екінші және үшінші жүлделі орындарды астаналық Мұратбек Хайролда, түркістандық Өсербай Бөріханов пен Ұлытау облысынан келген Айбек Әбдіәшімұлы және батысқазақстандық Рустам Хафизовтар өзара бөлісті. Әнші-композитор Біржан Хасанғалиев бастаған қазылар алқасының шешімімен шымкенттік Айнұр Назарбекова бас жүлдені еншіледі. Жеңімпазға 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.

Аружан Бисембай, «Атамекен» халықаралық ән фестивалінің қатысушысы:

-  Мен Ескендір Хасанғалиевтің «Гүлсезім» және «Ақжайық – елім» атты әндерін орындадым. Ұлы композитордың шығармашылығына деген құрметім шексіз. Оның әндерін орындау өзіме шалқар шабыт сыйлайды. Әндері де мәңгі жасай бермек.