«Lemon Күлпәштің хикаялары» үлкен экраннан көрсетіледі

Миллиондаған көрерменнің сүйікті телехикаясына айналған «Зың-зың Күлпәш» енді үлкен экранға шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Lemon Күлпәштің хикаялары» деп аталатын толықметражды туындының оқиға желісі күрделі. Оның үстіне актерлер құрамы да арта түскен. Ауыл тіршілігі мен туысқандардың татулығын, келіндердің өмірін суреттейтін туындының премьерасы «Kinoplexx 7 Sary-Arka» кинотеатрында өтті. «Lemon Күлпәштің хикаялары» ауыл биі Қасқырбайдың үйіне түскен ұрлықтан басталады. Ұрының алыстан келмегенін сезген Қасқырбай күдіктіні ауыл ішінен іздеуге кіріседі. Бұл кезде басты кейіпкердің бірі жолдан қомақты ақша тауып алып, абысынымен тең бөліседі. Ал Қасқырбай ұрыны іздеп жүріп, фильмнің тағы бір кейіпкері аңғал Нәконайды ұстап алады. Осылайша құтқару операциясы басталып, Қасқырбайдың ауыл маңынан алтын кенін іздеуі шытырман оқиғаға ұласады.

Берік Тұрсынбеков, сценарий авторы, актер:

– Екі-үш жыл бұрын маған ұсыныс тасталған. Мен бірақ өзім қарсы болған едім. Үлкен фильмге шығармай-ақ қояйық, сериалмен жүре берсінші деп. Жеңгелеріміздің, аналарымыздың сұрауы бойынша болып тұр. Сондықтан барынша солардың көңілінен шығуға, солардың сұраған нәрсесін беруге осы фильмде атсалыстық енді.

Kinoplexx 7 Sary-Arka кинотеатрында өткен «Күлпәштің хикаялары» комедиясының үлкен экрандағы премьерасына көрермен көп жиналды. Шығармашылық топтың айтуынша, фильмде сериалға қарағанда басты кейіпкерлердің образы тереңірек ашылған. Берік Тұрсынбековпен бірге Қарлығаш Исламқызы, Нұрболат Есенбекұлы, Төлепберген Байсақалов секілді актерлер түскен.  

Сардор Расулов, фильмнің бас режиссері:

– Жалпы сюжетіне келетін болсақ, біз халыққа осы адамдардың арасындағы мейірімділік, өзінің ауылына жанашырлығын тарату жайлы, сосын бауырмашылық жайлы, жалпы адамдарды тәрбиеге шақыратын фильм түсірдік деп ойлаймын.

Көркем туынды Түркістан облысында түсірілген. Бірнеше айға созылған шығармашылық топтың еңбегін енді көрермен бағалайды. Комедиялық фильм Kinopark және Kinoplexx кинотеатрлар желісінен көрсетіледі.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев