loader


Алматылық археологтар сақтарға тиесілі алтынды тапты

Дәлірек айтқанда тарихи жәдігерлер біздің заманымызға дейінгі V-II ғасырларда өмір сүрген жауынгердікі.

Сарбаз қару-жарағымен, киім-кешегімен жерленген. Ол шайқаста мерт болған болуы мүмкін. Себебі бас сүйегін садақ жебесі тесіп өткен. Әзірге археологтар осындай болжам жасады. Ал қазба жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Сақ жауынгерінің жас шамасы 50-ден асқан. Дене тұрқы ірі болған. Оны сүйек қаңқаларынан байқауға болады. Қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтар, осылай дейді. Денесі киіммен ағаш жәшікке салып жерленген. Қасына қару-жарағы қойылған. Алтын бұйымдармен сол қылыш, қанжар сияқты қаруды безендірсе керек. Әзірге ең бағалысы үш дана алтын. Одан өзге қылыштың сынықтары мен күміс қорытпасынан жасалған киімнің қалдықтары мен оны безендірген бұйымдар қоса  табылған. 

Мұрат Нұрпейісов, "Алматы қаласы музейлер бірлестігі" КМҚМ аға ғылыми қызметкері:

- Біз бұны анық сақ дәуіріне жатады, деп айта аламыз. Алтын қолаға жапсырылған деп отырмыз. Аңның суретімен бедерленген. Біздің болжамымыз бойынша мұнымен қанжарды немесе семсерді безендіруі мүмкін. Киімді әшекейлеуге келмейтін сияқты. Себебі алтыны ірілеу. Бұған қатысты зерттеу жұмыстарын әлі де жүргізетін боламыз.

Қорған-Алматыдағы Екінші жылу орталығының маңында орналасқан. Бұл қорым апаттық жағдайда тұрған. Мемлекеттік тізімге алынбаған. Абырой болғанда тоналмаған. Жауынгердің сүйегі мен оған тиесілі заттар 3 метрден астам тереңдікте жатқан. 

Ләззәт Сағындықова, "Алматы қаласы музейлер бірлестігі" КМҚМ директоры:

- Қазба жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Жұмыстар жалғасатын болады. Консервация жұмыстары жүргізілетін болады. Өйткені көріп тұрсыздар үгілейін деп тұр. Кейбір заттарды сыртқа алып шығуға мүмкіндік болмады. Өйткені оны құртып алу қаупі бар. Сол себептен консервация жұмыстары жүргізіліп одан кейін ол Алматы қаласының тарихының музейіне тапсырылады.

Археологтар мұндай алтын бұйымды Алматы маңынан соңғы рет 2014 жылы тапқан. Жалпы мегаполистің аумағында мемлекеттік қорғауға алынған 161 тарихи және мәдени ескерткіш бар. Мемлекеттік тізімге 16 қорған енген. Енбегендері де бар.  Бұл тізім толықтырылып отырады. Зерттеліп, мәдени құндылығы жоқ деп бағаланса, тізімнен шығарып тастайды. Ал жаңа табылған заттар музей  экспозициясына қойылады.  Қала тұрғындары мен  қонақтары оны сол жерден келіп тамашалай алады.

Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев

Сондай-ақ...