Парижде қазақ киносының фестивалі басталды

Алдағы күндері осы іс-шара аясында Еуропаның француз тілінде сөйлейтін барлық елдері – Франция, Швейцария, Бельгия мен Люксембург көрермендеріне отандық фильмдер көрсетіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Париждегі айтулы іс-шараға қатысуға қазақ киноөнерінің майталман шеберлері жиналды. Канн кинофестивалінің лауреаты Самал Еслямова мен Сергей Дворцевой және Дәрежан Өмірбаев жергілдікті көрермендермен кездесулер өткізеді. Ал жас режиссер Алдияр Байракімов жұрттың назарына Паралимпиадашы драмасын ұсынды.

Дәрежан Өмірбаев, режиссер:

Фильмді өзгерте алмайды ғой публика. Фильм публиканы өзгертуі мүмкін. Сондықтан көресту керек ғой бәрібір қандай да болса, көрсету керек. Әртүрлі адамдарға, әртүрлі көрерменге. Француздар енді киноны ойлап тапқан халық ғой осы жерден шыққан. Сондықтан кино өнерінің орталығы Франция, осы Париж ғой. Сондықтан осында көрсеткен өте маңызды, әсіресе киногерлерге.

Фестиваль бағдарламасына Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының фильмдері кірді. Киносеанстарға көрермендермен қатар дистрибьюторлар да келеді. Францияда жыл сайын прокатқа қазақстандық бір-екі кино шығады. Олар әдетте ауқымды фестивальдарда табысқа жеткен фильмдер. Отандық мамандар болса шетелдік көрермендерді әлі де қызықтыру қажет дейді.

Бауыржан Шөкенов, ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жетекшісінің орынбасары:

– Осындай шаралардың мақсаты – фестивальдермен шектелмей, қазақ фильмдерін кинотеатрларға шығару болып отыр. Бұл басты міндетіміз, шетел көрермендерінің қазақ киносына қызуғышылығын туғызу. Яғни бір сеанс көрсетіп қоймай, оны прокатқа шығарып, екі-үш апта бойы көрсету.

Алғаш рет Париж фестиваліне қатысушылар питчинг деп аталатын шараға қатысады. Қазақстан және Франция киноөнерінің майталмандары бірлесіп жас режиссерлердің жобаларын бағалайды. Оларды жүзгеге асыруға қаржы бөлуі де мүмкін.

Алина Мұстафина, режиссер:

Осында әдейі келдім. Өйткені мұнда қазақ фильмдерін көру мүмкіндігімен, қазақстандық режиссерлер үшін Францияда қаржыландыруға ие болуға, бірлесіп кино түсіруге мүмкіндік бар. Менде бірлескен көркем фильм жобасы бар. Сондықтан осындамын. Ести салысымен, бірден Парижге ұшып келдім.

Қонақтарға атышулы Инфинити сериалының алғашқы сериялары көрсетілмек. Бұл Франция телеарнасы үшін қазақтың кең-байтақ даласында түсірілген фантастикалық хикая. Бірлесіп жасалған киноөнім фестивальдің басты тақырыбына айналатын түрі бар. Бағдарламаға кірген 8 фильмнің тең жартысы осылай бірлесе түсірілген туындылар.

Малгожата Туар, Қазақстан халқы ассамблеясының достық елшісі:

– Қазақ киносының фестивалі осымен төртінші рет өтіп жатыр. Жылдан жылға оның ауқымы кеңейіп келеді. Бұл кино мен өнерді қадірлейтін Франция үшін қазақ киносы жөнінде білімін тереңдетуде өте маңызды. 

Франция дистрибьюторлары әзірше өз таңдауын жасаған жоқ. Алайда қазақ фильмдері қарапайым көрермендердің үлкен қызғушылығын туғызды. Шара басталмай жатып, билеттердің барлығы сатылып кетті.

Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан