Композитор Ғазиза Жұбанованың 95 жылдығына орай Астанада музыка кеші өтті

Ұлағатты ұстаз, композитор Ғазиза Жұбанованың туғанына 95 жыл. Осыған орай Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт залында саз кеші өтті.

"Жұбановтар әлемі" деп аталған кешке бірқатар өнер қайраткері келген. Олар музыканттар әулетінен шыққан аяулы жанды еске алып, өнердің өміршеңдігіне куә болды.

Опера, симфония, оратория, камералық музыка жазған әйгілі композитор, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері. Саз өнерінің майталманы, фольклордың білгірі, белгілі сазгер Ахмет Жұбановтың қызы. Көзі тірі болғанда Ғазиза Жұбанова биыл 95-ке келер еді. Бойына киелі өнер дарыған ғазиз жан тума талантты жазбай танып, саз әлеміне жетелей білген. 

Шахимардан Әбілов, Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі:

- Біз сол кісінің қолында оқыдық. Сол кісінің арқасында консерваторияда мен ұстаз болып қалдым. Апамыздың шығармаларының бірінші орындаушысы болдым дегендей. Мен айтар едім, мұсылман халқы үшін де, оның ішінде әйел азаматтарының ішінде әлемдік осындай классикалық өнерде бірінші біздің композиторымыз.

Өмірінің ағысын өнерге бұрып, жүрегіне өшпес із қалдырған түлегінің тағы бірі - Төлеген Мұхамеджанов. Ол өзін ұстазы Ғазиза Жұбанованың алдында мәңгі қарыздар санайды.

Төлеген Мұхамеджанов, композитор:

- Ұстаздың алдындағы үлкен жауапкершілігім бар сол ұстаздың саған бергенін ақтау үшін.  Сондықтан қаншама шығарма жазсам да, солардың барлығы ұстазымның түрткен іздері болады. Өйткені кішкентай әуеннен бастап ол кісі мысалы сабақ бергенде саған ақылын айтып, жолын көрсететұғын.  Сондықтан барлық менің кәсіби шығармаларымда Ғазиза Ахметқызының міндетті түрде таңбасы бар.

Саз кешін "Жұбановтар әлемі" деп бекер деп атамаған. Бұл әулеттен филология іліміндегі алғашқы қазақ пррофессоры Құдайберген Жұбанов пен көрнекті музыка зерттеушісі, композитор Ахмет Жұбанов сынды алып тұлғалар шықты. Кеште Ахмет Жұбановтың да, кейінгі ұрпақтарының да бірқатар шығармалары орындалды. 

Бақыт Топтаева, Руслан Әлиев